Ақыреттік мекені ұлы бабасы – Жамбыл тәтесінің қасынан бұйырды. Ән падишасының өмірден өткеніне 27 жылға ауып барады. Сол тілек, сол сағыныш.

Мәңгілік музасы Дариға апамыз күні кеше мәңгілік махаббатының рухымен табысты…
Осы күндері Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық торқалы тойын халқы атап өтіп жатыр.
Ұлы Отан соғысының батыры, КСРО халық әртісі, ұлы композитор, шебер музыкант, сезімтал жетекші және ұстаз Ахмет Жұбановтың өзі алты жасында музыкаға деген талантты байқаған — мұның бәрі Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев өмірінің бір қыры ғана.
Ахмет Жұбанов жас музыкант үшін тек тәлімгер ғана емес, сонымен қатар, өмірі бойы сүйіспеншілік пен құрметке бөленген ересек досы да болды.
Тілендиев көзі тірісінде өзіне лайық бағасын алып кеткен ұлы тұлға. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің сөзімен айтқанда оның талантты екені, тұла бойы толған ән, әуен, саз екенін білу үшін онымен бір рет дидарласып, кездессе де жетіп жатыр.
Ән падишасының көзін көрген Уалихан Қалижанов кезінде Н.Тілендиевтің шоғырлы жұлдыз сияқты күйлері туралы да мың бір толғау жазуға болатынын айтыпты, «Ата толғауы», «Аңсау», «Көш керуен», «Махамбет», «Сүйінбай сазы», «Бестөре», «Аққу», т.б. күйлері қазақ өнеріндегі эпикалық рухты шығармалардың қатарына қосылды. «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деген ұлы Абай ақынның осы бір сөздері Нұрғиса Тілендиевке де қатысы бар сыңайлы. Мен Нұрғисаның «Әлқиссасынан» осындай үйлестік аңғарамын. Өйткені, «Әлқисса» сөз басы, ол Н.Тілендиев күйлерінің күй басы. Ол композитор жүрегінің аманаты, сыры, мұраты. Ол кіріспесі, кіші сағасы, негізгі тақырыбы, қайырмасы, үлкен сағасы, содан негізгі тақырыпқа қайта оралып қайырмаға түсетін ерекше күй. «Әлқисса» арқылы Н.Тілендиевтің бүкіл шығармасын ойша қайталап, жүрек елегінен өткізіп отырасың. Шертпе күй мен төкпе күй үйлесім тауып, өзіне шақырып отырады. Күйдің ерекшелігі де, құдіреті де осында жатыр» Уалихан Қалижанов.
Қазақ домбырашылары күй өнерін көз арқылы, қол арқылы, қала берді құлақ арқылы берілетінін айтады. Осылардың ішінде күйді құлақпен сіңіретіндердің жөні бөлек. Себебі, көз – көргенінен танбайды, қол – ұстағанынан – айырылмайды. Яғни, күйді көз бен қол арқылы жұғысты еткендер, әдетте, қасаң қайталаушылыққа ұрынады. Ал, құлаққа сіңген күй, сөз жоқ, санаға да сіңеді. Санаға сіңген күй жүректі тербеп, жүрекпен тартылмақ. Нұрғиса болса, күйді құлақпен сіңіріп, жүрекпен тартатын домбырашы екенін көзі тірісінде талай рет айтыпты.
Нұрғиса Тілендиев туралы көлемді мақала жариялаған «Қазақстан тарихы» жобасы атақты музыка маманының әскери өмірге де қатысы болғанын жазады. Соғыс басталмай тұрып, Нұрғиса Ахмет Жұбановтың ұстаздығымен оқуға қабылданады.
Әйгілі композитордың «әскери қызметті жалғастырсам» деген арманы әртүрлі деректерде айтылып қалады.
16 жастағы Нұрғиса да төлқұжатына екі жас қосып жаздырып, соғысқа аттанып кетеді. Нұрғиса Тілендиев 1943 жылдан 1945 жылға дейін Курск шайқасынан Берлинді алғанға дейінгі жолмен жүріп өтіп, бірнеше рет жараланған.
Кезінде Ұлы Жамбыл «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар» деген екен
Қан майданның оты мен оғынан Нұрғисаны сол қызыл жолбарыс та қорғап-қолдап, ән әлеміне жетелегені анық. Нұрғиса Тілендиевтің замандастары оның ән жазғанда белгілі бір уақытты таңдамайтынын талай рет еске алған.
Сазгер көбінесе үйде жұмыс істейтін. Әуен ойына келгенде дереу рояльге отырып, жаңа әнді дүниеге әкелетін.
Одан кейін Тұманбай Молдағалиевке немесе Қадыр Мырза Әліге хабарласып, әнді естіртіп, өлең жазып берулерін сұрайтын. Нұрғиса Тілендиевтің Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Куә бол» әні айлы түнде дүниеге келген. Бірде Нұрғиса Тілендиев жұбайы Дариғамен Алматы өзенінің жағасымен қыдырып келе жатады. Бір кезде сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап: «Куә бол, жұлдыз, Куә бол, айым, Куә бол, Алатауым!» — деп әндете жөнеледі. Кейін сөздерін ақын інісіне жаздыртып алады. Осылайша, «Куә бол» әні дүниеге келген.
Бір күні Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда Нұрғиса: «Даха, домбырамды берші маған», деп жары Дариғаға домбырасын алғызып, «Аққу» мен «Арман» күйлерін тартып береді.
Осы кезде ақын інісі «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазып береді. Артынан сазы да жазылады.
Бұл кездесуден кейін ақын композитордың үйінде бір ай жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Соның ішінде «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың» және тағы басқа шығармалар бар. Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың бірлесе отырып жазған соңғы әні – «Есіңе мені алғайсың».
Нұрғиса Атабайұлы қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы екенін өнер зертетушілері жиі айтады. Ол уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын сұнбады, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Жерден қуат алатын Антей сияқты, дәстүрлі күйден нәр алып, жүрегінің үнін күмбірлеген күйге айналдырды.
Қазақтың күйін оркестрлік үлгіде дыбыстау арқылы әлемдік ән өнерімен интеграциялап, көшпенділер өркениетінің музасын ХХ ғасырға жеткізді.