Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Салық түсімдерінің бір бөлігін бюджеттің төртінші деңгейіне беру жоспарланып жатқанын, ауыл бюджеттерінің қаржылық дербестігі қалай ұлғаятынын айтып берді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта IV деңгейлі бюджет кірістері салықтық түсімдердің 8 түрі мен аудандық бюджеттен түсетін түрлі төлемдер, айыппұлдар мен трансферттер есебінен қалыптастырылады. Ол енгізілгеннен бері кіріс екі есеге артты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыл қазынасына жоспарлы түсімдер 308 млрд теңгені құрады, ал іс жүзінде 320 млрд теңге түсті.
«Ауыл бюджеттерінің қаржылық дербестігін одан әрі арттыру қажет. Осыған байланысты ауылдық округтер бюджетінің кіріс көздерін мынадай түсімдерді беру есебінен кеңейту ұсынылады. Бұл заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салықтың бір бөлігі, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем, қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, сондай-ақ қызметтің жекелеген түрлеріне лицензияны пайдаланғаны үшін төлемдер», — деп хабарлады вице-министр.
Бұдан басқа, спикердің мәліметінше, жаңа Бюджет кодексі шеңберінде IV деңгейдегі бюджетке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық беріледі. Осылайша, төртінші деңгейлі бюджеттің меншікті кірісін төрт есеге 68-ден 263 млрд теңгеге дейін көбейетін болады.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 6256 ауылдық елді мекен бар, онда 7,6 млн адам тұрады, бұл ел халқының жалпы санының 38,4% -ын құрайды. Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 7,2% -ды, ал жұмыссыздық деңгейі — 4,7% -ды құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі — 33% немесе 1,2 млн адам. Кейінгі кезде ауыл әкімдіктері өз бюджеттерін қалыптастыру мен басқару туралы ұсыныстар көп айтылып жүр. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде ауыл әкімдіктерінің бюджетін қалыптастыру мен басқару тетіктерін жетілдіру қажет ететіні 2020 жылдан бері айтылып келеді.
Соңғы 10 жылда ауылдық елді мекендердің саны 6 838-ден 6 256-ға немесе 582 бірлікке қысқарды. Негізінен халық саны 50-ден аз ауылдар қысқартылды.
2024 жылы жергілікті билік құзыретіне әлеуметтік қолдау бағдарламаларын іске асыру, бюджетті жоспарлау, инфрақұрылымдық жобаларды басқару сынды өкілеттік берілгені осыған дейін айтылған.
Ал аймақтардағы шешілуі тиіс мәселелерді облыс, аудан өз деңгейінде шешуге мүмкіндік алады. Мұнымен қоса, қазіргі таңда маңызды бастама шеңберінде бюджеттің 4-деңгейлі кірістерінің базасын кеңейту көзделіп отыр. Ауылдық округтер салық пен төлемдердің азайтылған түрін төлейді. ҰЭМ Бюджет саясаты департаментінің бас сарапшысы Нұрболат Сырбековтың айтуынша, бюджет кодексі жобасына сәйкес, салықтық және салықтық емес түсімдердің кейбір бөліктері республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беру қарастырылған.
«Бюджет аралық қатынастардың тұжырымдамасына сәйкес, тұрақты сипатты, сыртқа факторларға тәуелді емес және белгілі бір аумаққа бекітілген салықтар жергілікті бюджетке түседі», — ҚР ҰЭМ Бюджет саясаты департаментінің бас сарапшысы Нұрболат Сырбеков.
Заңнама ауыл әкімі мен жергілікті жердегі мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді. Салықтар мен төлемдердің түрін бюджеттің төртінші деңгейіне ауыстыру да жоспарланған. Министрлік маманы қолданыстағы заңнамалық базаны өзгерту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сарапшы-экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, 2012 жылы бекітілген Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасының негізгі міндеттерінің бірі – ауыл әкімдіктерінің бюджетті өздері қалыптастыруы мен оған иелік етудегі қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейтуге мән берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жергілікті билік органдарына бюджеттік дербестік беру туралы айтты туралы айтты. Енді леуметтік, инфраструктуралық мәселелер жергілікті жерде жақсы шешілетін күн алыс емес.
«Мысалы ауылда ауылда су жоқ болса, мәселе аудан, облыс, республика көлемінде қаралып, ақша бөлінетін. Енді өкілеттікті жергілікті билікке беретін болсақ, оларды қаржымен қамтамасыз етсек, мәселені ауылда шешіледі», — дейді Сапарбай Жобаев.
Төртінші деңгейдегі бюджет ауыл әкімдіктеріне орталық органдардан тәуелсіз болуға, ауыл проблемаларын өздері шешетіндей бюджетті дербес қалыптастыруға және бөлуге мүмкіндік беретіні, і ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін ескеруге, сол арқылы ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететіні осыған дейін көп айтылған.
Бірақ әзірге нақты тетіктер жетілдірілген жоқ. Мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларының оқшаулығы тәрізді проблемалар күрделі күйінде қалып отыр. Бюджеттің теңсіздігінің негізгі себебі – ауыл бюджеттерінің өз кірістерімен қамтамасыз етілудің төмендігі және ол жаппай орын алып отыр. Осылайша, ауылдық округтердің шығыстарын қаржыландырудың негізгі көзі жоғарғы бюджеттерден берілетін субвенциялар мен нысаналы трансферттер болып қала береді.