Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтың айтуынша, талқыланатын құжат жобасында инвесторлар мен экспорттаушыларға кейбір артықшылықтар сақталған. «Біз жүргізген ревизия 3,4 трлн теңгенің 453 жеңілдігін анықтады. Оның ішінде 1,3 трлн теңгенің 128 преференциясын алып тастау ұсынылады. Бұл ретте ішкі өндірісті ынталандыру үшін табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі — 10% жоспарланып отыр. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерге арналған шығыстар бойынша 300% «супершегерімдер» ұсынылады. Бұл ретте, субъектілік мөлшеріне қарамастан, инвестициялар үшін әмбебап ынталандыру ұсынылатын болады», деп хабарлады ол.

Бұдан өзге, оның айтуынша, инвесторлар үшін бірқатар басқа да ынталандырулар қолжетімді болады.
«Ғимараттарды, құрылыстарды, машиналарды, жабдықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу немесе салу кезінде салықтық артықшылықтар ұсынылады. Осындай шегерім қайта құруға, жаңғыртуға, күрделі және ағымдағы жөндеуге арналған шығыстар бойынша да болады. Сондай-ақ жаңа кен орындарын ашуды ынталандыру және ескі және рентабельділігі төмен кен орындарында өндірудің тұрақты деңгейін ұстап тұру шаралары ұсынылады» дейді Ә.Қасенов.
Бұдан басқа, инвестициялық келісімшарт жасасқандар үшін, сондай-ақ қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын АЭА қатысушылары үшін қолданыстағы жеңілдіктер сақталған. Кодекс жобасында салық жеңілдіктерін қарастыратын инвестициялар туралы келісім жасау мүмкіндігін де қалдырылды.
«Қазір біз біліктілік және рұқсат беру талаптарының аудитін бастадық, оның нәтижесі бойынша құжаттарды беру рәсімдері оңтайландырылатын болады. 58 салада 381 ақпараттық құралды түгендеу жүргізілді, оның 189-ы немесе 49% оңтайландырылды. Қалған 192-сі бойынша оларды автоматтандыру жұмыстары басталды «, — деп жалғастырды вице-министр.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бизнесті қолдаудың қолданыстағы шараларына олардың тиімділігі тұрғысынан тексеру жүргізілді.
«Оның қорытындысы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және бір оператор «Даму» қорының несиелері бойынша ішінара кепілдік беру бойынша құралдарды шоғырландыру ұсынылады. Сондай-ақ екі және одан да көп құралдар шеңберінде қаржы шараларын алуда бизнес үшін шектеулер белгілеу және түрлі бағдарламалар шеңберінде бюджет қаражаты есебінен ғана жұмыс істейтін бәсекеге қабілетсіз кәсіпкерлерді қолдауды алып тастау қажет. Қарсы міндеттемелерді енгізу және олардың орындалуын сандық платформа арқылы мониторингілеу ұсынылады» дейді Ә.Қасенов.
Ол мемлекеттік қолдау шараларының тізілімі жасалғанын, оған 108 құрал кіргенін айтты. Қазіргі уақытта оны бекіту және сандық платформада қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Тізілім «гильотина» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізілімге енгізілмеген мемлекеттік қолдау шараларын қаржыландыруға тыйым салынады. Бұл барлық процестердi жүйелеуге, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатты сипатын күшейтуге мүмкiндiк бередi. Бұдан басқа, нәтиже бермейтін қолдау құралдарын секвестрлеу қажет» дейді спикер.
Жалпы, ол барлық инвестициялық жобалар бойынша аудандық деңгейге дейін нақтылау мүмкіндігімен оларды нақты уақыт режимінде іске асыру мониторингі қамтамасыз етілетінін қосты. Бұл әрбір инвестормен нүктелік және сервистік жұмысты іс жүзінде қолмен реттеуге мүмкіндік береді.
Бұрын хабарланғандай, салықтық өзгерістер осы жылдың күзінде күшіне енуі мүмкін.