
Мәжіліс Құрылыс кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда бірнеше өзгерістермен мақұлдады. Басты өзгеріс:
- Құрылысшылар тұрғын үйге кем дегенде 5 жыл кепілдік беруге міндетті болады.
- Қазір бұл мерзім — бар болғаны 2 жыл,
Жобадан көп күткен жаңалық
Үй тапсырылғаннан кейін 5 жыл ішінде құрылыс ақаулары анықталса, құрылыс салушы жауапкершілікті тұрғындарға жүктемей, оларды өз есебінен жоюға міндетті болады. Сонымен қатар, ғимараттың құрылымына, шатыры мен қасбетіне 10 жыл кепілдік беру мерзімін белгілеу ұсынысы қарастырылуда. Бұл нормалар әлі түпкілікті емес — олар екінші оқылымда пысықталатын болады.
Тағы қандай өзгеріс бар
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, құрылыс компаниялары үшін айыппұлдар, кепілдік мерзімін ұзарту немесе әкімшілік жауапкершіліктің басқа да шаралары жаза болуы мүмкін. Шенеуніктер үшін қосымша шаралар қарастырылады.
Бұған дейін жалпы отырыста мәжіліс депутаттары Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Құжат қала құрылысын жоспарлау сапасын арттыруға, сейсмикалық тәуекелдерді есепке алуға, лицензиялау жүйесін жаңартуға, мемлекеттік бақылауды күшейтуге және процестерді толық цифрландыруға уәде береді.
Сондай-ақ, министр депутаттардың құжатқа жұмсаған шығындары туралы сынына жауап берді. Ол жаңа Құрылыс кодексінің сапасы оған жұмсалған 363 млн теңгеге сәйкес келетінін түсіндірді.