
«2025 жылдың 8-ші қазанында Данна Қарағұсова Blue Origin экипажының құрамында суборбиталық ұшуға қатысып, жер атмосферасынан тыс кеңістікке шыққан алғашқы қазақстандық әйел ретінде тарихта қалды.
New Shepard зымыраны Жер атмосферасы мен ғарыштың шартты шекарасы саналатын Карман сызығына дейін жетіп, экипажды штаттық режимде қайтадан жерге қондырды.
Данна Қарағұсованың ұшудан кейінгі пікірі:
«Бұл ұшу — өмірімдегі ең қатты қобалжуларымның бірі. Зымыранның көтерілу сәті ерекше әсерлі болды — денең әрбір қозғалысты сезеді, бірақ таңқаларлығы санаң соның бәріне қарамастан сабырлы болады. Салмақсыздық күйі дәл елестеткенімдей болды, алайда ішкі сезімдерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Капсула сатыдан ажыраған сәтте, мен санамның бір бөлігі әдеттегі шектеулерден тыс кеткендей күй кештім — жерлік сезімнің бәрі жоғалып, тек шексіздік сезімі қалды.
Әлемнің қаншалықты кең екенін көріп, өзіңнің кеңістікте кішкентай ғана бөлік екеніңді ұғасың
Есімде мәңгі қалатын бір көрініс: қара кеңістіктегі жарқыраған толық Ай және жұқа көгілдір атмосфералық қабаты бар Жер. Сол сәтте адамзаттың, ғалам алдында қаншалықты нәзік әрі кішкентай екенін терең түсінесің. Салмақсыздық кезінде жасаған алғашқы ісім — барлық аналарға арналған хатымды шығару болды. Бұл — менің анама және баласын арманына жетуде қолдайтын барлық әйелдерге арналған жеке құрмет білдіруім. Өзім де анамын, тіпті оның арманы мүмкін емес болып көрінсе де, балаға сеніп, қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл ұшу мен соңғы жылдары өтіп келе жатқан жолдың табиғи жалғасы болды — ол ішкі дүниеммен жұмыс және тұрақты негіз қалыптастыру жолы. Мен ғарышқа көтерілу мүмкіндігі, сол дайындықтың, тепе-теңдікті сақтай білудің және кез келген жағдайда өз өзіңді ұстай алудың нәтижесі екеніне сенімдімін. Қазір мен Portals деп аталатын жаңа IT-жобаны әзірлеп жатқан командаммен жұмыс істеймін. Бұл жоба өзін-өзі реттеу технологияларына, менталды гигиена мен ішкі тепе теңдікке арналған. Біз сананы дамыту, іштей өсу әдістері және адамның ақылымен болашақтағы өзара әрекеттесуін зерттеп жатырмыз. Жобаның іске қосылуы 2026 жылдың ортасына жоспарланған және ол дәл осындай ізденістегі адамдардың жүрегіне жетеді деп сенемін. Blue Origin компаниясына шексіз алғысымды білдіремін — олар ғарышты бүкіл әлем адамдарына қолжетімді етіп отыр. Бұл — зерттеу мен қауіпсіздікті бір деңгейде ұстай отырып, жаңа буын зерттеушілері мен армандаушыларына мүмкіндік беретін болашаққа бағытталған компания, дейді Данна.
Астронавттар ауылында болған кезінде Данна Қарағұсова ұлы Айтуармен бірге Қазақстанды таныстырып, экипаж мүшелеріне және Blue Origin қызметкерлеріне еліміздің мәдени мұрасы мен табиғаты туралы айтып берді
«Қазақтың қонақжай дәстүріне сай, ол әрбір экипаж мүшесіне және компания тобына естелік сыйлықтар табыстады. Бұл ізгі қадам ұшуға қатысқан барлық адамдар тарапынан ерекше ықыласпен қабылданды — сол сәттен бастап экипаж бірауыздан өздерін Space Nomads («Ғарыш көшпенділері») деп атауға шешім қабылдады.
«Адамдарға бұл атау қатты ұнады — онда бәрімізге ортақ бір рух бар еді: қозғалыс, ізденіс пен жылылықты қай жерде болсаң да сақтау қабілеті», — деді Данна.