
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сапарының нүктесі Ақ Ордадағы ауыс-түйістермен жалғасты. резидент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – делінген Ақорда хабарламасында.
Оның орнына Сыртқы істер министрі болып Ермек Беделбайұлы Көшербаев тағайындалған. Ол бұрынғы қызметінен босатылған.
Ал бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылғаны белгілі болды.
Сарапшылар бұл ауыс түйістерді әр қырынан айтып жатыр. Саясаттанушы Әміржан Қосанов әлеуметтік жілідегі парақшасында бұл жолғы бір қызығы сол: ауыс-түйістер бір күнде және ұжымдық сипатта жүзеге асты. «Бұл сауалымыз биліктің қазіргі кадр саясатына, соның ішінде, президент маңайына тікелей қатысы бар.Біріншіден, және ол тенденция көзге ұрып-ақ тұр: Жаңа Қазақстанның тұрақты бір нышаны қалыптасқан сықылды, ол – кадр тұрақсыздығы. Кеше ғана жылы орнына орныққан шенділер – министрлер, олардың орынбасарлары – көп ұзамай сол орынды босатып жатады. Және де олардың не үшін президент қахарына ұшырағаны туралы ешкім қоғамға айтып жатқан жоқ» дейді сарапшы..
Сарапшының айтуынша, әрбір көмекші не кеңесшінің өзіне тапсырылған міндеттер болса, неліктен олар жүйелі түрде президент қабылдаған шешімдерді (жарлықтар мен өкімдерді), президент қол қойған басқа да құжаттарды (бағдарламалар мен тұғырнамаларды), президент қабылдаған басқа да шешімдерді жүйелі түрде елдің алында шығып, журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, түсіндірмейді?
«Солай болса, бәлкім, ел ішіне гу-гулеп тарап жүрген әрқилы алып-қашпа әңгімелер сап тыйылар ма еді? Ал бүгінгі ПӘ-нің ақпараттық үнсіздігі жағдайында, билікке, соның ішінде президенттің жеке басына қатысты хайптар мен хейттер, өсектерді таратушылардың Құдайы беріп жатыр. Өз салаларына жауапты көмекшілер мен кеңесшілер болса, ПӘ амбразурасын өз кеудесімен жабудың орнына, окопта тығылып, бас сауғалап отырады. Сол себепті, байқап отырсаңыз, басты сын президент маңайына қарай емес, мемлекет басшысының жеке басына қарай бағытталып жатады» дейді ол. .
Сарапшының айтуынша, кешегі аяқ асты шешімдеріне қарасақ, президенттің сыртқы саясатқа жауапты шенділеріне көңлі толмайтын сияқты, олай болса, оларды басқа салаларға жұмсамай, ақсап тұрған дипломатия жағын жұмылдырсын! Дипломат емес басқа қазақтар да өсуі керек емес пе?!
« Бізде (және ол ескі Қазақстан тұсында қалыптасқан дәстүр еді, өкінішке орай, Жаңа Қазақстанда да жалғасып келеді) белгілі бір себептермен бір орынды босатқан шенеунік (және ол себептері қоғамға беймәлім, тек «аса хабардар» сарапшылар өз нобайларын айтып, ұпай жинап жатады) міндетті түрде басқа жылы орынға жылжи салады. Кешегі президент шешімдері де сондай боп шықты. Неге сол шенділер өз мамандығы не кәсібі бойынша жұмыс жасап, өмірін жалғастыра бермейді? Әлде Ақорда не үкімет олардың әкеден қалған мұрасы ма? Мұндай кесірлі үрдіс өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жолын бөгейді, (оны да біз ескі Қазақстан тұсында көргенбіз, бір рет әкім не министр болған адам өмірінің аяғына дейін сол қызметте немесе сенатор не депутат болып, шалқып (қалқып!) жүретін еді!), мемлекеттік қызметке жаңа кадрлардың келуіне кедергі жасайды.
Меніңше, осы кесірлі үрдістен бас тартатын уақыт келді: Жаңа Қазақстан талабы сондай» дейді Әміржан Қосанов.
Қазақстанға жаңа геосаяси жағдайға қарай көпвекторлы саясаттың жаңа 2.0 нұсқасы қажет.
Бұл Жанат Момынқұловтың пікірі. Оның айтуынша, бізге Экономикалық-бизнес дипломатияға басымдық беру керек. Саяси әдемі декларациядан гөрі нақты инвестиция, технология трансфері, энергетика, көлік дәліздері туралы сделкалар, deals қажет. Қазақстанға тек «шикізат жеткізуші» емес, «алма кел аузыма түс» емес, өңдеуші-транзиттік мемлекет рөлін күшейту. «Цифрлық мемлекет» боламыз десек, халықаралық серіктестік, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік бағыттарын дипломатиялық күн тәртібіне енгізу.
«Сыртқы саяси кадрлар — элиталық мамандар ғой. Білім мен байланыс, бизнес пен ақпарат барлау, инвестиция мен жеке қатынастар маңызды.
Технократтар мен кәсіби дипломаттар: халықаралық құқықты, экономика мен технологияны білетін жас мамандар.
Бизнес дипломаттар: әр елдегі елшілер инвестиция тарту, бизнес-жобалар әкелу, трансұлттық компаниялармен байланыс орнату міндетін нақты атқаруы тиіс.
Аймақтық сарапшылар: тек орысша мен ағылшын тілін білетін «жалпы маман» емес, Қытайды, Американы, Азияны, Таяу Шығысты, Үндістанды, Африканы терең білетін мамандар.
Стратегиялық кеңесшілер: халықаралық трендтерді алдын ала болжайтын think tank мәдениетін және сарапшылар арасында ақпарат алмасудың бәсекелі ортасы мен арналарын қалыптастыру.
Мықты Переговорщиктер жоқтың қасы. Қазір Қазақстанға ең қажеті – прагматикалық экономикалық дипломатия мен кадрлық жаңару.
Тоқаев командасы үшін «жас, бірақ халықаралық тәжірибесі бар технократтар» – басты ресурс болуы мүмкін. Елшілік пен СІМ деңгейінде бизнес және технология саласында нәтижелі келісім жасайтын мамандар керек» дейді сарапшы.