
Әлемде «мұнайдың дәуірі» аяқталуға бет алып жаңартылатын энергия көздеріне көшті. Мәселен, Сауд Арабиясы — мұнайдың ірі экспорттаушысы. Олардың өзі әртараптандыру жасап, альтернативаға көшіп жатыр. 2030 жылға қарай мұнайға тәуелділікті барынша азайтуды жоспарлап отыр. Мұнайдан кейінгі экономикаға дайындалу – біздің экономикамыздың басты бағытына айналуы тиіс екенін сарапшылар жиі айтады.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметте өткен жиында мұнай Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші болудан қалғанын ашып айтты.
Оның айтуынша, қазіргі әлемдік конъюнктура тұрақсыз болып отыр және бұл инвестициялық белсенділікке әсер етуде.
«Бүгінгі таңда сыртқы жағдайлар, жұмсартып айтқанда, тұрақсыз. Әдетте тұрақсыздық кезінде инвестиция метрополияларға қайтады, біз мұны байқап отырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша алғаш рет инвестиция ағыны теріс болды. Бұл реинвестициялардың болмауына байланысты, 7,1 млрд доллар шетелге әкетілді», – деді ол Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Вице-премьердің айтуынша, мұнай саласы қазір экономикалық өсудің негізгі көзі емес.
«Ұлттық экономика министрі ретінде айтарым, біз қазір қалыпты экономикалық өрлеу кезеңінде тұрмыз. Кен өндіру саласы өсіп келеді, оның ішінде мұнай өндіру көлемі де артуда, бірақ мұнай бағасы қазіргі таңда төмендеп кетті. Сондықтан ол бұрынғыдай драйвер емес. Экономиканың қазіргі даму драйвері – өңдеу өнеркәсібі. Бұл салада алғаш рет өсім 6,1%-ды құрады», – деп атап өтті Жұманғарин.
Экономиканы алға сүйреп отырған салалардың қатарында ол көлік пен қойма, құрылыс және ауыл шаруашылығын атады.
«Бүгінде құрылыс экономика драйвері болып отыр. Ең бастысы – ауыл шаруашылығы. Біз ұзақ уақыт бойы сынға алып келген және қазір де сыналып жүрген бұл сала қарқын алып келеді. Мен атап өткен көптеген салалар ауыл шаруашылығының жақсы жұмыс істеуінің арқасында дамуда», – деді министр.
Вице-премьер Үкімет нақты секторды дамытуға бағытталған экономикалық өсудің жаңа моделін әзірлеп жатқанын хабарласа да үміттенуге күш беретін сыйқырлы карталарды ашқан жоқ.
Сарапшылар не дейді
Сарапшылар сапаға мән беріп, бағытты мұнайдан жаңартылатын энергия көздеріне, өңделген өнімді экспортқа бұруды ұсынды.
Даму үшін экономикаға әсер ететін сапа маңызды. Әлемде «мұнайдың дәуірі» аяқталып жатыр, сондықтан басқа салалардың бәсекеге қабілетті болуына басымдық беру керек.«Біз шикізатқа тәуелділігіміз азайса ғана тұрақты өсім болады. Ресми деректерге сүйенсек, мұнай-газ секторы жалпы ішкі өнімнің 20% шикізат секторы, оның ішінде тау-кен өнімі, өсімдік шаруашылығы (бидай, күріш т.б.) 20%-ын құрайды. Сол себепті өсімнің сапасы маңызды. Мұнайдың есебінен емес, өңдеу өнеркәсібі мен экспорттың есебінен көтеруіміз керек» дейді сарапшы Олжас Мамадәлі.