
Ұлттық банк пен үкіметке бағытталған сынның басым көпшілігі базалық мөлшерлемеге қатысты еді. Ал базалық мөлшерлеме қаржы нарығы , несие нарығының басы барометрі, тіпті күнбағысы десе болады. Сарапшылар арасында базалық мөлшерлемені төмендетсе не болады деген сауалға айтылар жауап жүз түрлі. Олардың бәрі сырт көзге қисынды болып көрінуі мүмкін.
Базалық мөлшерлеме – инфляцияны төмендетуге бағытталған құрал. Ұлттық банктің базалық ставканы жоғарылатуына байланысты екінші деңгейлі банктердегі тұтынушылық несие пайызы да қымбаттайды. Сөйтіп, қымбат пайыздан қашып, азаматтар несиені азырақ алады. Тиісінше, ақшасы аз болған соң тауарлар мен қызметтерді тұтынуға қаржыны аз жұмсайды. Бұл өз кезегінде түрлі тауар мен қызметке деген сұранысты азайтуы тиіс. Сұраныс азайған соң баға да төмендейді. Ұлттық банк ұстанымы осыған негізделген.
Осыған дейін…
ҚҚҚ бас талдаушыларының пікірінде маусымдағы инфляцияның айлық мәнде 0,8% -ға дейін (мамырда 0,9%) сәл бәсеңдеуі жылдық мәнде 5% таргетке қол жеткізу үшін қажетті 0,41% көрсеткішінен екі есе асып түсетіні айтылған. Демек базалық мөлшерлемені жылы орнынан қозғау әлі ерте. Қоғамдық пікірдің жетегіне еріп, мезгілінен ерте қозғасақ, теңге әлсіреп, баға ырық бермей кетуі әбден мүмкін. Бұл біздің енді ғана нарыққа қарап бет түзеп, жүйелене бастаған қаржы саясатымызға үлкен соққы.
Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейін бағалай отырып, талдаушы оның тиімділігін көрсетті. Олардың айтуынша, тұтыну бағасының индексі (ТБИ) айлық мәнде төртінші ай қатарынан бәсеңдеп келеді, бұл қатаң монетарлық саясаттың белгілі бір әсерін көрсетеді. Алайда мөлшерлемені көтерумен ғана 5% мақсатты деңгейге қол жеткізу өте қиын екенін айтып жатыр сарапшылар.
Біздің тұрақты сарапшымыз Олжас Мамадәлінің айтуынша, бәсекелестік деңгейінің төмендігі мен еңбек өнімділігі бағаны көтеріп тұр. Кедергілерді жоюға бағытталған шаралар әлсіз. Мұның бәрі ұлттық валютамызға бағытталған қысымға қосымша дем беріп тұр.
Сондай-ақ, сарапшының айтуынша, қазіргі деңгей экономиканың құрылымына, инфляциялық күтулерге, фискалдық саясатқа және жаһандық пайыздық конъюнктураға байланысты. «Теңгеге деген қызығушылықты қалпына келтіру үшін макроэкономикалық тұрақтылық, салық-бюджет саясатының болжамдылығы және бағам бойынша тұрақты күтулер қажет. Олай болмаған жағдайда әлеуетті кірістілік өтелмеген валюталық тәуекел ретінде қарастырылады «, — деп түсіндірді О. Мамадәлі.
Сарапшылар базалық мөлшерлеме ауылында жақын арада өзгеріс болмайтынын жиі айтады. Олардың айтуынша, базалық мөлшерлеменің бейтарап немесе теңгерімді деңгейін» инфляция плюс 3-3,5% «формуласымен есептеуге болады. Оның бағаның өсуіне ықпалы, өкінішке қарай, шектеулі күйінде қалып отыр және базалық ставканың біршама төмен деңгейінің өзінде де инфляцияға қатысты жағдай іс жүзінде өзгеріссіз қалуы мүмкін.
«Қазір диванда отырып, ҰБ немесе үкіметі сынау оңай. Мен сарапшы ретінде ҰБ базалық мөлшерлемеге қатысты әрбір шешімді от пен оқтың ортасында отырып қабылдайтынына сенемін. Қазір бізде кез келген бағытта теңгерімді саясат керек. Шалыс қадам нарықта ақша массасының көбейіп кетуіне алып келеді. Сол себепті дәл қазір жеті рет ойланып, бір рет шешім қабылдаған дұрыс» дейді сарапшы.
Тақырыптың жауабы
Бұған қатысты қоғамда даулы пікір көп. Бірақ сарапшылар мына жайтты қаперде ұстап жүру керектігін айтудан жалыққан емес.
- Бірінші кезекте несиенің қымбаттауы, соның салдарынан бизнеске берілетін несиенің азаюына байланысты. Бірақ тап қазір бізге жоғары базалық ставка қажет болып тұр және олай етпеске амалымыз да қалмай тұр.Қаңтардан бері көтеріліп, соңғы аялдамаларда кідіріп қалған базалық ставка – бүгін, ертең емес, ұзақ мерзімді перспективада жемісін беретін стратегиялық тәсіл.
- Екіншіден, біздің қоғамның қарызы шектен шығып кетті. Азаматтардың несие жүктемесін азайтпаса экономикаға орасан зор залал келмек. Бұл тұрғыда банктердегі несие пайызының қымбаттап, азаматтар үшін қолжетімсіз бола тұрғаны тиімдірек.
- 11 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.п. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде сақтап қалды. БЖК комитетінің мүшелері «жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені төмендету үшін кеңістік көрмейтінін» мәлімдеді