Баланың ақша ұстап үйренуі туралы тақырып барлық елдерге ортақ. Бірақ оның сипаты мемлекеттердің ұстанған саясатына байланысты. Мамандар батыс елдерінің көзқарасы ТМД тұрғындарының көзқарасымен сәйкес келе бермейтінін көптен айтып жүр. ЕО елдерінде, Германияда баланың күнделікті шығыны заңмен бекітілген. Ақшаның көлемі баланың жасына қарайды. 6 жастағы бала 50 еуроцент алса, 15 жастағы баланың шығыны 50 еуроға дейін өседі.

Ал бізде мұндай заңмен шегеленіп қойған ереже жоқ. Қақпақ ашық
Ашық қақпақтардан 40 жасқа келгенше ата-анасының мойнына мініп отырған масыл-еркетотайлар шығып жатыр. Сарапшылардың сөзіне сенсек, баланы үш-төрт жастан бастап жеке қаржымен жұмыс істеудің базалық дағдыларына үйретуге болады. Екі арадағы байланыстың ерте басталғаны екі жаққа да тиімді екен.
Қаржы туралы арнайы балалар әдебиетін оқу, ол оған ақшаны қалай табуға және оны дұрыс басқаруға болатынын қарапайым және қолжетімді мысалдармен түсіндіреді. Мұндай кітаптар нарықта жеткілікті. Бұл ретте балаларға қалта ақшасын бірінші сыныптан бастап бере бастағанымыз жөн, бұл жерде де шектеулерден аулақ болу керек.
Балаға қанша жастан бастап ақша беруге болады?
Әлем ғалымдары бұл сұраққа толыққанды жауап беруге тырысып жатыр.
• Швецияда барлық балаға емес, тек жақсы оқыған балаларға 16 жасқа дейін әр ай сайын 1050 кроннан ($136) төленіп тұрады. Бірақ бұл қаржыны олардың ата-аналары алады екен.
• АҚШ-та балалар үшін ашылған қаржылық академиялар бар. Мұнда қаржылық сауаттылықты арнайы консультативті бағдарлама ретінде оқытады. Оған қатысуды баланың өзі шешеді.
• Британдық ата-аналар балалық шақтан айырмау үшін балалардың ақшамен қарым-қатынас жасауына аса ықылас таныта қоймайтын көрінеді. Бірақ ақша жинайтын сандықшалар сыйлап, оған шығындарына берілетін ақшаны салып қоюды ұсынады. Аптасына орта есеппен 5-10£ (8-16$), ал жасөспірімге 20£ (31$) береді. Баланың қажеттілігі одан асып кетсе, ата-анасы оған қосымша жұмыс табуды ұсынады екен. 6-12 жастағы балалардың арнайы сайт арқылы өздеріне сыймай қалған киімдерін, қажет болмай қалған ойыншықтарын сатуы Швециядан бастау алған екен.
Статистикаға сүйенсек, орта дәулетті отбасыда балаға ақшаны көп береді екен. Дәулеттілер баласына ақшаны аз беріп, оны үнемдеп жұмсау жолдарын үйретеді екен. Америкада кезінде қайрымдылық қорында атақты миллиардер Генри Фордтың ұлы Эдсел Брайант Форд жәшікке 1000 доллар, ал өзі 100 доллар тастапты. Бұл жайт журналистерге қызық боп, «Сіздің байлығыңыз ұлыңыздан кем бе?» деп сұрайды. Сонда Генри: «Ия, солай. Менің әкем миллиардер емес» деп жауап беріпті.
Ауқатты-қалталы азаматтар мен қалталы-ақшалы балалар деген түсінік бізге де жетті
Мұндай пәрменді принцип біздің ұлтқа тән деп айту қиындау. Өйткені біздің қоғам жоқ болса да, «баламыз қатарынан қалмаса екен» деп барын қалталарына салып жібереді. Әке-шешенің баласынан барын аямайтыны рас.
Шынында қазіргі балалардың қолындағы ақшаның көптігі былайғы жұртты тіксіндіреді. Деректерге қарағанда, Астанадағы бір мектеп оқушысының бір айдағы жұмсайтын ақшасы 100 000 мың теңге айналасында болған. 300-500 мыңдық теңгелік қолтелефон қазір екінің бірінің қалтасынан табылып жатады.Құны 100-200 мың АҚШ доллары тұратын қымбат автокөлігімен балаларын мектепке алып келетіндердің қатары біздің елде де көбейе бастады.
Қоғамның деңгейі баланың ақшаға көзқарасына тәуелді екенін кеш білдік
Академик Асқар Жұмаділдаев біздің ел балалардың қалтапұлы туралы мәселені бір жүйеге түсіре алмай келе жатқанын айтады. Мұны бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болады. «Бұл құбылыс «пәленшещина» деген дертке айналды. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дейтін қарабайыр ұғымның салтанат құрып кеткенін көріп жүрміз.Біздің ел бұл деңгейге де жеткен жоқ. Нарық адамдардың тұрмысына өзгерістер енгізді. Әке-шешесінің дәулеті балаларының күнделікті шығынынан білінеді. Жоғары оқу орны студенттерінің арасында құны 100-150 мың АҚШ доллары тұратын авкөлікпен сабаққа келетіндер бар. Мектепте де 1 күндік шығыны 5-10 мыңнан асып кететін оқушы бар. Балаларына сұрағанын бере салумен мәселе шешілмейді. Ата-ана сол қаржыны қалай жұмсайтынын және қалай үнемдейтінін назарда ұстау керек», дейді Асқар Жұмаділдаев.Асқар Жұмаділдаев бұл мәселенің бізде аз зерттелетінін айтады. Ғылыми негізде тұжырымдалмаған соң қоғам да оған немқұрайлы қарайды. «Ақшаның не екенін бала жастай біліп өсуі керек. Күнделікті шығыны оның жасына қарап өсіп отыру керек деген пікірді қолдаймын. Себебі 11 сыныпты бітіргенше қолына көк тиын ұстамаған балалар да көп. Олар үлкен қалаға келген соң тапқанын күн көрісіне жеткізе алмай қиналып қалатынын көріп жүрміз. Қолына кішкентайынан ақша ұстап, оны үнемдеп өскен бала кейін де шаруасын үйлестіріп кетуге бейім болады», дейді Асқар Жұмаділдаев.
Қалтапұлды не үшін береді?
Бізде ол жағы маңызды емесБелгілі эксперт Тоғжан Қожалиева қызына ақшаға байланысты, үйге әдемі заттардың қалай келетінін және ол үшін білімді һәм табысты болуды үйретуден бастағанын айтады.«Бала күнделікті қалта ақшасын жалақының өзіндік баламасы ретінде қабылдайды. Ең бастысы — келісімдер. Егер қалта ақшасы тұрақты төленеді деп келіссе, солай болуы тиіс. Бірақ қосымша келісімдерді орындағаны үшін «сыйлықақы бөлігі» бар деп талқылауға болады. Келісімнің іс жүзінде ақшаны төлегенге дейін болғаны маңызды және ата-аналар да, бала да онымен алдын ала келіскені маңызды. Бұл ретте бала «үнсіз» емес, «белсенді» болуға тиіс.Егер ата-аналар өз қалауы бойынша баланы қалтасынан айырса, бұл қаржылық зорлық-зомбылық. Баланың қаржыға көзқарасы жағымсыз эмоциялық түске боялады, алаңдаушылық дамиды. Болашақта бұл теріс салдарға әкелуі мүмкін» дейді сарапшы.
Баланы ақшамен көтермелеу керек пе — даулы мәселе.
Бірақ көптеген психологтар мұны жасамауға тырысады. Бала тапсырмаларды мұқият орындап, үй жұмыстарымен айналысатын шығар. Бірақ тек ақша үшін ғана, мысалдарды шешудің қызықты болуынан емес, анаға үйді жайлы етуге көмектесу керек. Егер ата-аналар төлеуді тоқтатса, бұл уәждеме мүлдем жойылады.Балаға ақша айналымы туралы күрделі терминдерді айтудың қажеті жоқ. Оны әр жастағы балаға әртүрлі түсіндіру керек» деген қортындыға келген Тоғжан қызы 4 жастан асқан кезде жеке бюджеті – қалтапұлын қалай табуға болатынын түсіндіріпті. Нәтиже жаман емес. «Қызымның сурет салуға әуестігін 2-3 жасынан байқайтынмын. Балабақшасында жүрген кезде олардың салған суреттері арнайы көрмеге сатылуға қойылған. Түскен ақша балалар үйіне жіберілген. Қызымыз әрі сурет салады, әрі қайрымдылықпен айналысады. Бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін қызым 3 жасында қарапайым қағидалармен түсінді», – дейді ол.Сарапшының айтуынша, бала ақшаға немесе қалаған нәрсеге ие болуды сезіну кезеңінен өтуі тиіс. Егер бала бұл жолдан өте алмаса, оны ақшамен тым шектесе немесе оған қандай да бір заттарды сатып алуға қатаң тыйым салса немесе қаласа, ол ересек бола тұрып барлық ақшасын «нөлге» жұмсайды. Мысалы, оған тыйым салынғандықтан қол жетімсіз болған сапарларға немесе қандай да бір заттарға. Екінші жағынан, тым үнемді бала жинайтын, бірақ өзіне жұмсамайтын кемшілікке айналуы мүмкін. Бұл жағдайда да қате тәсіл.Балаларға арналған қаржылық сауаттылық жөніндегі ең қарапайым және айқын кеңестердің бірі — баламен ақша, шығыстар мен табыстар туралы жай ғана сөйлесу. Бұдан басқа, ақшамен қалай жұмыс істеу керектігі туралы тегін жазғы лагерьлер де табуға болады. Қоржын сияқты жинаудың қарапайым тәсілін де ұмытпау керек, олар да балаларды жақсы ынталандырады.Бұл ретте спорттағы ерекше жетістіктері үшін немесе жақсы нәтижелерге қол жеткізген олимпиадаларға қатысқаны үшін ынталандыруға болады. Басқаша айтқанда, стандартты міндеттерден басқа қосымша күш салғаны үшін. Тіпті бала «кәсіпкерлікпен» айналысып, қолдан жасалған лимонадты, балмұздақты немесе қолдан жасалған бұйымдарды сатуды ұйғарса да, бұл оны марапаттауға себеп болуы мүмкін. Осылайша, балалар бизнестің қалай жұмыс істейтіндігімен қатар танысады. бұл ақшаның қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.