
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыру аясында 6,1 мың ауыл шаруашылығы өндірушілері 382,5 млрд теңге бөлінгені, бұған қоса 98 млрд теңгенің тағы 900 өтінімі мақұлданғаны айтылды. Жиынтығы 700 млрд теңгенің 560 млрд теңгесі — нарықтық көздерден тартылды. Сондай-ақ қарыздарды кепілдендіру бағдарламасы белсенді іске асырылуда — несие сомасының 85% дейін. 2025 жылы жалпы қарыз сомасы 159 млрд теңгені құрайтын 135,2 млрд теңгенің 943 кепілдігі берілді.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде 2025 жылы егістік науқанын ерте қаржыландыру үшін өтінімдерді қабылдау 2024 жылдың 29 қарашасынан басталды.
- Көктемгі дала жұмыстары мен егін орағына жеңілдікті несиелеу шеңберінде жалпы сомасы 461 миллиард теңгеге 6,8 мың өтінім қабылданды.
- Қарыз сомасынан 85 пайыз мөлшерінде кепілдендіру бағдарламасын жүзеге асыру да одан әрі жалғасып келеді.
- Қазіргі таңда қаржыландырудың жалпы сомасы 135,9 миллиард теңгеге 777 кепілдік берілді.
Кепілдікті «Даму» қоры ұсынады.
- Бұдан басқа, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бағдарламасын іске асыру жалғасуда.
- Ағымдағы жылға арналған жалпы қаржыландыру лимиті 200 млрд теңгені құрайды, бұл аграршыларға 6 мыңнан астам отандық техника бірлігін сатып алуға мүмкіндік береді.
- Қазіргі уақытта 120 млрд теңгеге 3,2 мың өтінім берілді, 60,7 млрд теңгеге 3 435 бірлік техниканы сатып алуға 1 823 шарт жасалды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген кредит көлемі 700 млрд теңге бөлінгенін айтқан болатын. «Фермерлер субсидиясыз, таза 5%-бен жеңілдетілген кредиттер алып жатыр. Бүгінде 206 млрд теңгеге 1,8 мыңнан астам шаруашылық қаржыландырылды. Биыл кемінде 8 млн га егіс алқаптарын қамтуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қарыз сомасының 85% кепілдік беру бағдарламасының іске асырылуы жалғасады. Сонымен қатар 200 млрд теңге сомасына жеңілдетілген лизингті ұйымдастыру отандық техникасының 6 мың бірлігін сатып алуға мүмкіндік береді» деген Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы мәселесі қаржы бөле салумен шектеліп қалмайды.
Ауылды дамытамыз десек қосымша нарық көздерін ашу керек
Сол кезде фермерлер өнімінің жерде қалмайтынына сенімді болады.
Сарапшы Б. Зиябековтың айтуынша, үкіметтің ауылға бөлген қаржысы ірілендірілген шаруашылықтардан артылмайды. Олардың ауыл шаруашылығындағы үлесі 10 пайыздан аспайды. Қалған 90 пайыз өз бетімен өздері өмір сүріп жатыр. Сарапшы айтып өткендей, субсидия мен жеңілдікті несиелер бірін-бірі ешқашан алмастыра алмайтынын күні бүгінге дейін қолданыстағы тәжірибе көрсетті.
- Біздің елде күні бүгінге дейін жерді нарықтың субьектісі ретінде қарастырмағандықтан, құны төмен.
- Үкімет тарапынан жағдайды түзетуге әрекеттер жасалғанмен нәтиже аз.
- 2018, 2019 жылдары Жер кодексіне енгізілген өзгерістер жұмыс істемейді.
- Ауыл фермерлерінің кепілдікке қоятын мүліктері банк талаптарына сәйкес келмейді.
- Жеңілдікті несиемен қамтамасыз ету олардың не себепті несие ала алмай келгенін, неліктен несиеге белшесінен батып кеткені зерделенуі керек.
- Банктер ауылдағы егін және мал шаруашылығымен айналысуға ниетті адамдардың жерін мен баспаналарын, басқа да дүние-мүліктерін өте арзан бағаға есептейді.
«Өнімді ертең қай жерге сататынын да ойластыру керек. Ауылдың мәселесін қаржы арқылы шешіп тастағысы келгендер осыған дейін де болған. Бірақ мәселені шеше алмағанын көріп отырмыз. Ауыл фермерлері үшін қосымша нарық көздерін ашу мәселесі нақтылану керек. Біздің экспорттық әлеуетіміз бұл мәселені фермерлердің пайдасына шеше алады» дейді сарапшы.