Қаржы министрлігінің есебінде жыл басынан бері Ұлттық қорға түсімдердің азайып кеткені айтылды.
Ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың 1 мамырына Ұлттық қор қаражаты 33,06 трлн теңгені құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 29,1 трлн теңге деңгейінде қалды.
- Жыл басынан бері түсімдер 843,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе аз.
- Оның ішінде мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар, жергілікті бюджеттерге есептелетіндерді қоспағанда, — 621,7 млрд теңге (бір жыл бұрын 1,47 трлн теңге).
- Осы секторға қатысушылар жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа да түсімдер 9,39 млрд теңгеге тең (бір жыл бұрын 1,53 млрд теңге).
- Ауыл шаруашылығы жерлерін сатудан түсімдер — 1,08 млрд теңге, республикалық меншікті жекешелендіруден — 383,4 млн теңге, банктердің кредиттік портфелін жақсартуға маманданған ұйымдарды сатудан — 500 млн теңге.
Сонымен қатар Ұлттық қордан 2,01 трлн теңге пайдаланылды:
- кепілдендірілген трансферттер — 1,6 трлн теңге, нысаналы трансферттер — 400 млрд теңге.
- Қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабуға 13,2 млрд теңге бағытталды.