
Соңғы уақытта ақшалай көмекті заңсыз алушылар туралы ақпарат кеңінен тарап, қоғамда дау тудырған мәселеге айналды. табысын жасырып, әлеуметтік көмек алғандар әр өңірде бар. Бірі – тұрмысы төмен екенін дәлелдей алмай жүрсе, екіншісі – барын жасырып әлек. Себебі бәріне ақша керек. «Мемлекеттік АӘК тағайындау және төлеу ережесіне» мұндай түзетуді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынды. Ведомство тиісті бұйрықты «Ашық НҚА» порталына орналастырды.
Ілеспе ақпаратта түсіндірілгендей, бұйрық жобасында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге үміткердің келісімімен шығыс операциялары, банк шоттарындағы ақша қаражатының қозғалысы, банк қарыздары, микрокредит, жинақ салымы, депозит туралы мәліметтер алу көзделеді.
Осы түзетудің мақсаты нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық табыстары мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігіндегі алдағы өзгерістер шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан мақсатты қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп есептейді әзірлеушілер.
«Бұйрық жобасын қабылдау нақты мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің атаулылығы мен ашықтығын күшейтуге және мемлекет тарапынан мақсатты қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Еңбек министрлігінде.
Бұрын хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты — ақшалай төлемдер түрінде қолдау көрсету және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару..
АӘК:
• табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
• 1-ден 6 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардың балаларына әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем ұсыну. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне АӘК алушылар қатарындағы мектепке дейінгі жастағы 65 мың балаға 1,1 млрд теңге көлемінде қосымша төлем тағайындалды;
• жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға уәжделген отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және т.б. арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішін мансап орталығына, тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкіміне немесе электрондық үкімет (egov.kz) порталы арқылы бере алады.