Үкіметте вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында 2025 жылғы 1 сәуірден бастап, 6 ай мерзімге Қазақстан аумағына жұмыртқа әкелуге уақытша тыйым салу туралы шешім қабылданды.

Жабық өткен кеңестен соң тыйымның дәйектемесі, не үшін енгізіліп отырғаны жария айтылмады. Бірақ кәсіпкерлер қазірден бастап шетелден осы өнімді тасу келісімшарттарынан бас тартуға мәжбүр екені белгілі болып қалды.
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның өзі өндірген жұмыртқасы өз қажеттіліктерін толық өтейтінін жеткізді. Құс фабрикаларының қоймалары әлі сатылмаған өнімге толып қалып жатыр. Сондықтан биылғы жыл басынан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелден импорттық жұмыртқаны тасуға шектеу енгізу туралы бастаманы ілгерілетуге кіріскен.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, сырттан әкелінетін жұмыртқалар импорты онсыз да қатты құлдырап кетті. 2024 жылы Қазақстан 88,2 миллион жұмыртқаны шетелден тасып жеді.Қазақстанда 2024 жылы жұмыртқаның 4,4 миллиард данасы шығарылды. Бұл 2023 жылғыдан 1,2%-ға көп. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, құс фабрикалары басым бөлігін, 3,7 миллиардын өндірді, өсімі – 2%.
Қалғанын, 697,4 миллионын – қолында тауық ұстайтын ауылдықтар (-2,5%-ға кеміді), 22,7 миллионын – фермер және шаруа қожалықтары, дара кәсіпкерлер (4,4%) өндірді.
Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының президенті, «Жас-Қанат 2006» құс фабрикасының бас директоры Қайрат Маишевтың айтуынша, отандық құс шаруашылығы бұрынғы өндіріс әлеуетін 90-шы жылдары жоғалтып алғанын айтады. Салдарынан, өнім шығару көлемі де еселеп қысқарды, асыл тұқымды базадан да айрылды. Бертінде мемлекет тарапынан құс өсіруге қуатты қолдау көрсетіле бастады. Сарапшының айтуынша, 2006-2007 жылдары сала түледі.Мемлекет инвестициялық жобаларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды іске қосты, жүздеген миллиард теңге қаржы жұмсады. Тіпті құс фабрикаларының шетелден сатып алған қымбат жабдықтарының бір бөлігі бюджеттен субсидиялап, өтді. Сала жаңғырып, жаңарды.
Сондай-ақ өндірілген өнімге тауарлық субсидия беріледі. Шығарылған әрбір жұмыртқасы үшін фабрикалар мемлекеттен 3 теңге демеуқаржы алды. Өзге салаларда бизнес шығарған өнімін сатса ғана табыс таба алады. Ал, құс шаруашылығында тек өндіргені үшін бюджеттен миллиардтап ақша алды. Нәтижесінде, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикаларының саны 2 есеге көбейіп, бүгінде 34-ке жетті.Сала кәсіпкерлері қазақстандық жұмыртқаны Америкаға да, араб елдеріне де жеткізе алады. Өйткені сапасы жоғары, дәмі тіл үйіреді. Алайда сапа жөнінен еш мәселе болмағанымен, тасымал жөнінен проблема көп. Ресей жаңа нарықтарды игеру үшін өз экспорттаушыларының «жол ақысын» федералдық бюджеттен төлеп береді.Қазақстанда жұмыртқаға көлік-тасымал субсидиясы қарастырылмағандықтан, қымбат логистика жаңа нарықтарды игеруге мүмкіндік бермейді.Демек бізге де РФ тәжірибесіне назар аударатын кез келді.