Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға сапары барысында China Railway Construction Corporation (CRCC) басшысы Дай Хэгэнмен елдегі жалғыз метрополитенді кеңейту мәселелерін талқылағанын кеше хабарлағанбыз. Бүгінгі ақпараттар Қытайдың ірі құрылыс корпорациясы қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысуға дайын екенін айтып жатыр.

Кеше түс ауа Бейжіңде іс-сапарда жүрген әкім Досаев CRCC корпорациясының тәжірибесі мен мүмкіндіктерін зерттегенін айтты.
«Келіссөздердің басты тақырыбы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, атап айтқанда, қала метрополитенінің желісін кеңейту болды. Ерболат Досаев ынтымақтастықтың маңыздылығын және қаржыландыру шарттарын талқылауға дайындығын атап өтті. Ван Чуньин банктің Қазақстанда 16 жылдық жұмыс тәжірибесі бар екенін және жол инфрақұрылымы саласындағы жобаларды қолдауға дайын екенін атап өтті. Тараптар серіктестікті нығайту үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға ниет білдірді», — делінген хабарламада.
CRCC басқарма төрағасы Дай Хэгэн ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, CRCC компаниясы Қазақстанда жалпы сомасы 650 млн АҚШ долларына жуық бірқатар ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып жатқанын атап өтті.
«CRCC Қытайда алдыңғы қатарда және әрдайым ынтымақтастыққа ашық. Бүгінде бірнеше қытайлық компания Алматыда жобаны жүзеге асыруға қатысуды жоспарлап отыр және біз тең жағдайда бәсекелесуге ниеттіміз. Бай тәжірибенің арқасында біз Алматыда жобаларды табысты іске асыра аламыз деп үміттенеміз», — деді Дай Хэгэн.
Айта кету керек, CRCC әлемдегі ірі техника өндіруші, ең қуатты және ауқымды халықаралық құрылыс корпорацияларының бірі болып табылады. 2024 жылы CRCC корпорациясы Fortune Global-500 рейтингінде 43-орынды иеленді. Компания ҚХР-да темір жолдың үштен екі бөлігін және метрополитеннің бестен үш бөлігін салды. CRCC 700 бірліктен астам ұңғымалық қалқандар паркіне ие. Құрама металл конструкциясы болып табылатын осы жоғары технологиялық машиналар метро және басқа да жерасты құрылыстарын салу жөнiндегi жұмыстарды тиiмдi әрi қауiпсiз жүргiзуге мүмкiндiк бередi.
Бір күн бұрын, 18 ақпанда Досаев қытайлық China Exim Bank банкінің өкілдерімен кездесті. Бұған дейін депутаттар кеңейту үшін 1 млрд доллар қажет деген болжам айтқан болатын.