Financial Times атом энергетикасына сұраныс күрт артып, Батыстағы энергетикалық топтар реакторларына қажетті уран тапшылығын көре бастағанын, Қытай мен Ресей уранға таласта Батыс елдерін ығыстырып шығарғанын хабарлады. «Қазақ уранының Ресей мен Қытайға көбірек сатылуы Батыста дефицит туғызды», деп жазды FT.

Strategic Intelligence өкілі Бенджамин Годвиннің айтуынша, ресейлік және қытайлық ойыншылар Орталық Азия және Африкадағы ресурстардан оңайлықпен айрылғысы келмей, өте агрессивті бәсекеге толы жағдай қалыптастырды. «Біз шикізат тапшылығына тап болдық, бірақ оны көбі түсіне бермейді», – дейді әлемде уран саудасымен айналысатын канадалық Cameco компаниясының вице-президенті Кори Кос.
Қазақстан әлем нарығына шығатын уранның шамамен 40 пайызын беріп отыр. АҚШ стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) мәліметінше, 2023 жылы «Қазатомөнеркәсіп» сатқан уранның шамамен үштен екісін Ресей мен Қытай сатып алған. Салыстырар болсақ, сол жылы АҚШ, Канада, Франция және Ұлыбританияға қазақ уранының бар болғаны 28 пайызы ғана бұйырған. Мәселен, 2021 жылы осы аталған төрт ел Қазақстанда өндірілген уранның 60 пайызын сатып алған. Соңғы төрт жылда уран бағасы АҚШ, Жапония және Францияның 2050 жылға қарай өзінің ядролық энергетикалық қуатын үш есе арттыру жоспарына байланысты күрт өсті. Осыған байланысты Батыстың Қазақстанның уран қорына деген қызығушылығы — әлемдегі екінші үлкен қор — едәуір өсті. Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы енгізілген санкциялардан кейін батыс елдері Орталық Азияға назар аударды.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптада «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» Швейцария атом станциялары үшін уран жеткізетінін мәлімдеді.
Қазақстан Швейцарияның атом станциялары үшін уран жеткізеді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» швейцариялық Axpo Power AG және Kernkraftwerk Leibstadt AG (KKL AG) компаниясымен осындай келісімге келген.
Биыл ақпан айының басында республикадағы уран кен орындарын барлаудың басым құқығы «Қазатомөнеркәсіпке» берілетіні мәлім болды.
Жалпы сарапшылар уран отынының нарығы өте ерекше және өзіндік бөлек ережелермен реттелетінін айтады. Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, уран жеткізу келісімшарттарының көпшілігі ұзақ мерзімге жасалған, басқаша айтқанда, біздің қатысуымызсыз жасалған. Қазір ол ережені өзгерту үшін келісімшарттарды қайта қарау керек. Тіпті КСРО ыдыраған кезде Қазақстанда толыққанды ядролық отын циклі болған жоқ: Уранды өндіргенмен, конверсияның мүмкіндігін шектеп тастадық. Уран өндіру мен түпкілікті өнім өндіру арасында ешқандай байланыс болған жоқ.
А.Чукиннің айтуынша, жер қойнауындағы уранның әлемдік қоры 6 миллион тоннадан асады. Бұл көлемнің 15 пайызы – біздің үлесімізде. Елімізге уран державасы ретінде ядролық отын нарығындағы ықпалымызды күшейтуге мүмкіндік беретін кез енді келді. АҚШ үшін Қазақстан Еуропаға қарағанда одан да маңызды. Соңғы 20 жылда ҚР әлемдік уран жеткізілімдерінің жартысына жуығын қамтамасыз етті. Көрші Өзбекстан тағы алты пайыз береді, одан ары шығыста уран әлеуеті мүлдем ашылмаған Моңғолия жатыр. Қазірдің өзінде «Оңтүстік газ дәлізі» бар, ол арқылы Еуропа Әзірбайжаннан газ алады, сондықтан уран жеткізу үшін осындай маршрут құру да мүмкін.
Қазір ҚР-дан уран жеткізілімінің 60% Қытайға кетеді, ал Батысқа кетуі мүмкін. АҚШ әлі күнге дейін Қазақстанмен жеткілікті берік экономикалық байланыс орнатқан жоқ, және де бекер, деп санайды Катлер: америкалықтар Орталық Азияны елемей тұрғанда, қытайлық компаниялар мен «Росатом» «Қазатомөнеркәсіппен» белсенді ынтымақтасып келеді, ал қазақстандық уранды тасымалдау және байыту үшін ресейлік инфрақұрылым пайдаланылады. Демек уран логистикасын әртараптандырсақ, уран дипломатиясындағы салмағымыз артады. Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» Ресей аумағы арқылы өнім экспорты «Ресей аумағы арқылы транзитпен де, теңіз кемелерімен тауарларды жеткізумен де байланысты тәуекелдерді туғызады, логистикалық шектеулер импорт құнын да арттыруы мүмкін» деп хабарлаған болатын. Компания «санкциялардың дайын өнімді тасымалдау мүмкіндігіне әлеуетті әсерін» үнемі қадағалап отырады. Қазір Қазақстан уран өнімдерін Солтүстік Америка мен Еуропадағы тұтынушыларға Санкт-Петербург порты арқылы тасымалдауды жүзеге асырады. Ақтау (Қазақстан), Алят (Әзірбайжан) және Поти Грузия порттары арқылы тиеп жөнелту арқылы Транскаспий халықаралық көлік маршрутын іске қосу баламалы жол болып табылады.
Сарапшы Данияр Серіковтың сөзімен айтқанда біздің ел әлемдік нарықта көлемдер мен бағалар бойынша тренд орнатқан ел, баға агенттіктері тарапынан белгіленетін бағаларға қатты әсер ете алады. 2017-2024 жылдар аралығында Ұлттық компания жер қойнауын пайдалану келісімшартымен бекітілген деңгейден 10-15% -ға қысқарып, бағаның Қазақстан үшін пайдалы болуына ықпал етті. Дегенмен, егер бірнеше жыл бұрын уран бағасы шамамен 20 доллар болса, қазір — 75 доллар. Ол үш есе өсті. Бұл тұрғыда Қазақстан әлемде жыл сайын өндірілетін уранның 40% -дан астамын өндіретіндіктен… Ол жаһандық нарыққа қатты әсер етуі мүмкін. Оған тіпті қандай да «ОПЕК» керек емес. Қазақстан мемлекеттік компания арқылы, «Қазатомөнеркәсіп» арқылы жаһандық нарықта бағалар мен көлемдерді нақты қалыптастыра алады» депті Данияр Серіков журналистермен кездескен кезде.
Демек, ел бағаға әсер ету арқылы ойын ережесіне де өзгерістер енгізе алатын кез жақын. Оған дейінгі жолда ақырын басып, анық жүрістен адаспаған жөн…