Мемлекеттен қаржылай көмек алған екінші деңгейлі банктердегі ақшаны кері қайтару мәселесі бірер жылдан бері күн тәртібінен түскен емес.
Мемлекеттен көмек алған банктер биылдан бастап қарызын қайтаруға кірісетіні айтылып жатыр.
2024 жылдың 11 айы бойынша, банктердің активтері 15,1%-ға өсіп, 59 триллион теңгеге, несиелік портфел 35 трлн теңгеге жетті. Соның 12 трлн теңгесі ғана экономиканы несиеендіруге, қалған басым жеке тұлғаларға тұтынушылық несие ретінде берілген. Үкіметтің банктерге көзқарасының «өзгеріп кетуіне» кетуіне осы фактор да себеп болғанға ұқсайды. Ал апта басында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Банктер Ұлттық қордан көмек ретінде алған қаржының 400 млрд теңгесін қайтарғанын хабарлады.
Сарапшылардың айтқанына сенсек, банктердің қарызы деген 700 млрд теңге мәселенің бергі жағы ғана. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өткен жылы журналистерге берген жауабында қазір бес банктің (БанкЦентрКредит, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jusan Bank және Nurbank) балансында 1 487,4 млрд теңге (1 трлн. 487 млрд. 400 млн) мөлшерінде мемлекеттік көмек бар екенін айтқан. «Бұл қаражат мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық талаптарында ұсынылған. Өтеу талаптары жасалған шарттарда айқындалған», дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі журналистерге берген жауабында.
Сарапшылардың айтуынша, мемлекет алғашқыда банктер мәселесіне барынша жұмсақ саясат қолданды, нәтиже шықпады. Ұлттық қор қаражатынан мемлекеттік қолдау алған банктерге дивиденд төлеуге шектеу қою мәселесі көтерілгенде Halyk Bank 250 млрд теңге мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын толық қайтарды. Халықаралық тәжірибеде мойнында мемлекеттен алған қарызы бар қаржы институтының құрылтайшыларына дивиденд беруге құқы жоқ.
Қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы бекіткен болатын. Ол кезде банктердің шығыны, банктердің балансында стрестік активтердің жоғары деңгейі анықталған. Аталған бағдарлама проблемалық займдарға провизия жасау үшін банктердің капиталдандыруын толықтыру мақсатында қабылданған еді. Ұлттық 2015 жылдың 26 сәуірде, кезектен тыс президент сайлауы алдында «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын» қабылдап, банктерге қарыздық жүктемелерінен бір жеңілденіп қалуына мүмкіндік берілді. 2019 жылдың 10 маусымындағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 148,3 млрд теңге болатын 25 249 қарызды қайта қаржыландырды. Тап сол жылдары мемлекет берген қарызға банк акционерлері де жауапты деген талап қойылды.
Банк табысы қайдан түседі…
2023-2024 жылдардағы жоғарғы базалық мөлшерлеме банктер үшін тиімді болды: 2024 жылы банктердің таза кірісі 2,2 триллион теңгеден асқаны, бұл көрсеткіш абсолютті рекорд екені енді ашық айтылып жатыр. Депозиттер базасы 13,3%-ға өсіп, 40 триллион теңгеге, кредиттік портфель 35 триллион теңгеге дейін өсті. Экономикаға тартылғаны бар-жоғы шамамен 12 триллион теңге. Мемлекеттің демеу қаржысының да біраз бөлігін қайтармай отыр. .
Үкіметтің банктерге қарызды қайтаруды қайыра талап етуіне осы фактор себеп болғаны анық.Ұлттық банктің есебіне сәйкес 2024 жылы банк секторы салық төлегенге дейін 3 трлн теңге табыс тапты. Оның ішінде 451 млрд теңге КТС ретінде төленді. Бұл соңғы 15 жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың айтуынша, ЕДБ кірісінің негізгі көзі — нарықтық құннан едәуір төмен қаражат тарту мүмкіндігі. 2018 жылы Ұлттық банк ағымдағы шоттарға пайыздарды есептеуге тыйым салды. Бұл ақша азаматтардың карточкалық шоттарында, компаниялар мен бюджеттік ұйымдардың есеп шоттарында сақталады. 2024 жылы мұндай қаражаттың орташа көлемі 9,2 трлн теңгені құрады, оның 5,6 трлн теңгесі теңгемен, ал 3,6 трлн теңгесі валютамен сақталған. Банктер бұл қаражатты тегін тартып, Ұлттық банк пен ФРЖ мөлшерлемесімен орналастырады. Қарапайым есептеулердің жалпыға бірдей түсінікті формуласы:
• Теңгемен: 762 млрд теңге (5,6 трлн × 13,61%);
• Валютада: 126 млрд теңге (3,6 трлн × 3,5%).
Жиынтығы тек ағымдағы шоттар есебінен 888 млрд теңге пайда тапты.
Валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді шектеу (жылдық 1%) реттеуші төрелікті құрады. ФРЖ мөлшерлемесі нөлге жақындаған кезде бұл үлкен рөл атқармады. Валюталық депозиттердің көлемі 6,4 трлн теңге болғанда 160 млрд теңге қосымша пайда берді. Реттеуші төрелік 2024 жыл банктерге 1,048 трлн теңге таза пайданы қамтамасыз етті. Оның 449 млрд теңгесі — бюджеттің толық алынбаған кірісі.
«Қазір КТС-ті 5% -ға арттыру талқылануда, бұл бюджетке ≈ 150 млрд теңге әкеледі. Алайда реттеуші төрелікті жою қосымша 1 трлн теңге бермек! Бұл ақша бюджетке ғана емес, халық пен бизнеске де қайтарылатын еді», дейді Ғалым Құсайынов.
Ғ. Құсайынов айтып өткендей, бұл проблеманың шешімі төменде.
• Ағымдағы шоттарға пайыздарды есептеуге тыйым салуды алып тастау.
• Валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерге шектеулерді алып тастау.
«Банктер арасындағы бәсекелестік артқанс сайын белсенділік те артады. Төрелікті жою банктерді кірістің жаңа көздерін іздеуге мәжбүрлейді, яғни пайдалылықты сақтауға мүдделі акционерлер банктерді кредиттеу көлемін ұлғайтуға ынталандырады. Бұл несие нарығын кеңейтуге ынталандырып, экономикаға оң әсерін тигізеді», дейді Ғалым Құсайынов.
Қаржыгер айтып өткендей, банк секторы мұндай шешім несиелер бойынша мөлшерлемелерді көтеруге мәжбүрлейді деп қарсылық білдіруі бек мүмкін. Бірақ бәсекелестікті шектеу өсімді тежейді. «Ал ең бастысы — банктер тиімсіз реттеуден артық пайда алуды тоқтатады, бұл ақыр соңында бүкіл экономикаға пайда әкеледі», деп сөзін түйіндеді Ғалым Құсайынов.
Банктер мен үкімет арасындағы мәміленің егжей-тегжейі құпия сақталатындықтан, үкіметпен арадағы қарызды қайтарудың тізімі және мерзімін көрсеткен құжаттың бар екендігіне күмән келтіретіндер көп болған еді. 2023 жылы өткен қаржыгерлер форумында ЕБД басшыларының бірі үкіметтің бөлген демеу қаржысын инфляцияға жұтылып кеткенін, бұл мәселені қайта-қайта көтерудің қисыны жоқ екенін айтқан. Үкіметпен арадағы мәміленің егжей-тегжейі құпия сақталды. Банктерді қолдаудың нарықтық конъюнктурасы мен тетіктері туралы мәселе Ұлттық банк немесе үкіметтік деңгейде талқыланғанын күні бүгінге дейін естіген жоқпыз. Бірақ сол құжат туралы деректер нақты айтылмаса да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқев банктерге алмақтың да салмағы барын ашық айтты. Үкімет қайтаруды ашық талап ететін құзіретті өзінде қалдырғаны өткен жылдан бастап белгілі болып қалды.
Қарыз қайтаруға резервтер жетпей жатса, оны акционер басқа компанияларудан алуға болатыны айтылып жатыр. Мемлекеттік қарызды толық қайтармай банктердің мардымды дивиденд шығара алмайтынын білеміз. Олардың кейбірінің әр қимылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында тұр. Бірақ банк қарызды бірден қайтаруға міндетті емес екенін, бұл банктердің орнықтылығы үшін үлкен тәуекел тудыруы мүмкін екенін ҚНДРА төрағасы Мәдина Әбілқасымова осыған дейін айтқан. Ал қарыз қандай келісімшарттармен жасалғаны аз ғана адамдарға белгілі. Бірақ қарыз 2040 жылдарға дейін 1 пайызбен берілді деген сөз бар.
Қаржыгер, экономист Айдархан Құсайынов бұл мәселе банктер бірінші кезекте пруденциалдық нормаларды сақтау және тұрақтылығын ұстау үшін капиталы болуы қажет. Капитал қоры аз болса, банк өз функцияларын орындай алмайды. Қаржы инсттуты мұндай жағдайда банк қайта қаржыландырылады немесе жабылады. Сонау 2009 жылдары еліміздегі бірқатар банктер тап осындай жағдайда тұрғандықтан, мемлекет Ұлттық қор есебінен көмек көрсетуге шешім қабылдаған. Қаржыгердің айтуынша, банктердің қаржылық капиталын 2010 жылдармен салыстыруға болмайды. Бірақ алда не күтіп тұрғанын білмейміз. «Банктер туралы жаңа заң қабылдайтыны айтылып жатыр. Заң жобасын талқылап жатқан тобы банк пен клиент арасындағы келісімде қарызды қайтарудың тәсілі заңдастырылған. Алдағы уақытта Үкімет пен ЕДБ арасындағы келісімшарттардың мұндай түрі да жариялы түрде, заң шеңберінде жүргізілуі тиіс», дейді қаржыгер.
Сонымен біз үшін де, сарапшылар үшін де ЕДБ-ның Үкіметтен алған қарыздарын қандай жеңілдікпен қайтаратыны қызық тақырып болып тұр. Осыған дейінгі мәліметтерде банктердің мемлекет алдындағы қарызы туралы мәліметтер әртүрлі. Күні бүгінге дейін оның 400 млрд теңгесі қайтарылғаны, олардың қарызды қайтару процесі кезең-кезеңмен жүру қажеттігі айтылды.
Мемлекеттен алған қарызы заңмен нақтыланбаса, қайтарылу мүмкіндігі де қиындай береді
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі болған Ілияс Исаевтың айтуынша, бар мәселе Ұлттық банкке байланысты болып тұр. Бас банк 1995 жылдары Ұлттық банк мәжіліске бағынып, үкіметке есеп беріп отыратын. 1995 жылы Ұлттық банкке қатысты жаңа заң қабылданды. Оның 68-бабында «Қазақстан Ұлттық банкін тексеру президенттің келісімімен немесе президент тапсырмасы бойынша ғана жүзеге асырылады» деп жазылды.
Қаржыгердің айтуынша, дамыған елдердің елдердің бас банктері ақша, несие саясатымен ғана емес, жұмыспен қамту, экономикалық өсімді қамтамасыз етумен де айналысады. Ал біздің Ұлттық банктың құзіреті тек инфляция, баганы тұрақтандырумен шектеліп отыр. Банктер туралы жаңа заң қабылданбай, Ұлттық банктің өкілеттілігін көтермей, ЕДБ-дің қарызды қайтаруы процесі 2040 жылдарға дейін созылуы мүмкін. «Биылғы жыл Үкіметке, Ұлттық банкке, Парламентке де бір сәт қалғып кетуге жыл болайын тұр. Дүниежүзілік банк сарапшылары елде ҚҚС көтеруді ұсынып отыр. Әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі және бюджет тапшылығы тереңдеу қаупі төніп тұр деп тұжырымдайды. Жағдайдың беталысы белгілі болып қалды. Екінші деңгейлі банктерге ҚҚС мөлшерін белгілемей тұрып, банктер туралы заңды қабылдап, банк құрылтайшыларының жауапкершілігін заңдастырып алған дұрыс. Бұл заңның қабылдағалы бері кемі 30 рет өзгеріс түскенін, бұл өзгерістердің банк пен халық арасындағы байланысты күрделендіріп жібергенін ЕДБ басшылары да мойындайды. Олардың мемлекеттен алған қарызы заңмен нақтыланбаса, қайтарылу мүмкіндігі де қиындай береді», дейді І. Исаев.