
Елде үш жыл ішінде пәтер 40% қымбаттады
Қымбатшылыққа сұраныстың артуы, зейнетақы қорынан ақша алуға рұқсат беру, доллар бағамының өсуі, құрылыс материалдарының қымбаттауы (бірінші нарықтағы өзгеріс ұсталған үйге де әсерін тигізеді), 2022 жылы құрылыс қарқынының бәсеңдеуі ықпал етті.
- 2021 жылы ел билігі зейнетақы қорынан артық ақша алуға рұқсат беріп, баға қсті. Сол жылы тұрғын үймен байланысты мәміле саны оның алдындағы жылмен салыстырғанда екі есе өсті (609 мың). Екінші нарықта пәтер құны 27 % өссе, жаңа үйлер тіпті 40 % қымбаттады.
- 2022 жылы билік қордан алуға рұқсат берілген соманы 70 % арттырғандықтан, зейнетақы қорына жүгінген, үй іздеген елдің қарасы азайып қалды. Алайда құрылыс материалдары мен жұмыс ақысы көтерілген соң баспана құны шарықтай берді. Бір жылда мүлік иелері қолдан сатқан пәтерлердің орташа бағасы тағы 10 % өсті.
- 2023 жыл нарыққа өзгеріс алып келген жоқ.
- 2024 жылы нарық біршама тұрақтады. І тоқсанда баға аздап көтерілгенмен, жаз аяғына қарай қайта түсті, ал күзде мүлде тоқтап қалды, қыста да өзгеріс байқалмады. Бір жылда небәрі 1.1 % ауытқыған.
· Биыл шілде айында жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрі республика бойынша орта есеппен 528,5 мың теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 9,6%-ға жоғары.
· Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең үлкен өсім Павлодарда байқалды – бағалар 25,8%-ға өсіп, 1 шаршы метрі 451,1 мың теңгеге жетті. Қызылорда мен Алматыда баға 15,3%-ға көтеріліп, сәйкесінше 386,3 мың және 647,7 мың теңгені құрады. Ал Шымкентте өсім 14,9% болып, шаршы метрі 502,6 мың теңгеге дейін жетті.
Астанада жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрі орташа есеппен 595,5 мың теңге болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға қымбат.
Екінші нарықта баспана бағасы бір жыл ішінде 7,3%-ға өсіп, ел бойынша орташа мәні 551,9 мың теңгені құрады.
Ақтөбеде екінші нарықтағы баспана бағасы 19%-ға өсіп, 1 шаршы метрі 343,1 мың теңгеге жетті. Павлодарда өсім 15,8%-ды (423,2 мың теңге), ал Талдықорғанда 12,6%-ды (393,1 мың теңге) құрады.
Астанада қайта сату бағасы 3,1%-ға өсіп, шаршы метрі 652,5 мың теңге болды, Шымкентте – 2,1%-ға (427,9 мың теңге) қымбаттады. Алматыда өсім анағұрлым жоғары – 14,4%, шаршы метрі 688,5 мың теңгеге жетті.
Тек Өскеменде ғана баға төмендеп, бір жыл ішінде 1,4%-ға азайып, 1 шаршы метрі 375,9 мың теңгені құрады.
Ел бойынша жалға алу бағасы бір жылда 8,2%-ға өсіп, 1 шаршы метрі орта есеппен 4,5 мың теңгеге жетті.
Ең үлкен өсім Ақтөбеде тіркелді- жалдау ақысы 32,6%-ға өсіп, шаршы метрі 3 мың теңге болды. Семейде бұл көрсеткіш 23,2%-ға (3,5 мың теңге), ал Көкшетауда 21,6%-ға (3,3 мың теңге) артты.
Алматыда жалдау ақысы 2%-ға өсіп, 5,3 мың теңгеге жетсе, Шымкентте – 7,7%-ға (3,9 мың теңге), Астанада – 16,2%-ға (5 мың теңге) қымбаттады.
Биыл маусыммен салыстырғанда, шілдеде алғашқы нарықтағы тұрғын үй бағасы 0,2%-ға, екінші нарықта – 0,9%-ға, ал жалдау ақысы – 0,8%-ға өсті.
Сарапшылар не дейді
Сарапшылар нарықтағы бағаның күрт өсуін мемлекеттің араласуымен байланыстырады. Арзан ипотека, зейнетақы жинақтарын шешу мүмкіндігі – бәрі сұранысты күрт арттырып, бағаны көтеріп жіберді.
Арман Бейсембаевтың айтуынша, мемлекет соңғы жылдары үлкен көлемде тұрғын үй салды, бірақ олардың сапасы жиі сынға ілігуде. Алдағы уақытта мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары қысқарып жатыр. Енді тек әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған жобалар ғана сақталып қалуы мүмкін.
Жылжымайтын мүлік нарығы бір қарағанда қызу көрінгенімен, сарапшылар оның баяу дағдарыс кезеңінен өтіп жатқанын айтады. Бағаның өсуі тоқтауы мүмкін, ал құрылыс саласының болашағы жаңа ережелер мен сұраныстың төмендеуіне байланысты күрделене түспек. Мемлекет бұл дағдарыстың әлеуметтік салдарын жұмсартудың жолын табуы тиіс.