Халықаралық интеграция саласындағы биылғы басты бір жаңалық сол, қиырдағы араб елдері Қазақстанға мейлінше жақын бола түсті.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, көлемі 250 миллион АҚШ долларына бағаланған инвестиция туралы келісім Таяу Шығыс елінің Тақ мұрагерінің Қазақстанға ресми сапары аясында бекітіледі.
Біріккен Араб Әмірліктері 25 жылға арналған инвестициялық бағдарлама қабылдап, Астана әуежайына 153 миллиард теңге тікелей инвестиция, сонымен қатар, алдағы жылдарда үшінші тараптардан 393 миллиард теңгеге дейін жанама инвестициялар тартпақ. Бір қызығы, осы кезде арабтардың қаржысы керек емес дегендер де табылған.
Арабтар салған қаражатымен саяси қысым жасайтын ел емес
Қаржылық пайда тапса болғаны. Ал сол пайдадағы біздің үлес жеке-дара талқыланатын тақырып.
Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, қаражат халықаралық қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына сәйкес келетін ұзындығы 3,5 км құрайтын жаңа (қосымша) ұшу-қону жолағының құрылысына жұмсалмақ.
Жаңа ұшу-қону жолағы әуежайдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, ұшып-қону операцияларын қатар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Әуежайдың өткізу қабілетін 2033 жылға қарай жылына 15 миллион жолаушыға дейін және 2053 жылға қарай 30 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік беретін қолданыстағы Т2 жолаушылар терминалын кеңейеді және жаңа халықаралық Т3 терминалының құрылысы басталады.
2053 жылға қарай жүк айналымын қазіргі максимум 12 000 тоннадан 130 000 тоннаға дейін ұлғайту мақсатында жүк терминалы жаңғырып, оның ішінде қойма кеңістігін кеңейту және заманауи логистикалық технологияларды енгізу жұмыстары жасалады.
Өсіп келе жатқан рейстерге үздіксіз қызмет көрсету мақсатында жанар-жағармай құю кешенінің аумағын 5,2-ден 11,6 гектарға дейін ұлғайту көзделген.
Инвестициялық бағдарламада қонақ үй кешендерін, іскерлік және сауда орталықтарын, сондай-ақ заманауи көрмелер мен конференц-залдарды қамтитын Aero City инновациялық көпфункционалды кластерін құруға ерекше көңіл бөлінеді. Aero City жобасы әуежайдың тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, бүкіл аймақтың экономикалық дамуының катализаторына айналады. Сонымен қатар, бұл жоба үшінші тараптардан қосымша инвестициялар тартуға және жергілікті экономиканың өсуіне ықпал етеді
Сарапшы айтып өткен келесі мәселе:
- Қазақстан келешекте жүк тасымалында үлкен хабқа айналуды көздейді.
- Қазіргі 12 мың тонна жүк айналымын 2053ж қарай 130 мыға тоннаға дейін жеткізу жоспарда.
- Демек, қазірден бастап инфрақұрылымды жаңарту керек.
- Өзбекстан секілді басқа елдер де өңірлік хаб болуға күш салып жатыр
- Кім бірінші үлгереді, соның асығы алшысынан түсейін деп тұр.
«Сондықтан Біріккен араб әмірліктері қаражат құямыз деп жатса, қарсылық білдірмеу керек. Керісінше, қуана-қуана қабылдау керек. Инфрақұрылымыңды жаңартып береміз деп отырғандарды қалай сынауға болады? Әсіресе, қазіргідей әлемде инвестиция тарту қиындаған кезеңде қаржы құямын деген инвесторларды құшақ жая қарсы алу қажет. Уақыт өткен сайын әуежайдың ұшу жолақтары ескіріп, жаңартуды талап етеді. Бұған көп қаражат керек. Оның үстіне, өзбектер де қарап жатқан жоқ. Ташкент әуежайын қайтсек өңірлік хаб етеміз деп талпынып жатыр», — дейді сарапшы .
Осының бәрін ескерсек, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып, арабтарды көндіргенде, келіп тұрған инвестициядан қалай бас тартуға болады? Егер бүгін инвестиция құйып, әуежайымызды реттеп алмасақ, ертең өкініп отырамыз.
ОАЭ басқарушы компаниясы Астана әуежайын 2023 жылдың қарашасында қолға алған болатын.
Сол жылы әуежайдың қаржылық шығыны 14 миллиард теңгеден асып кетті.
Инвесторлар 2024 жылы әуежайды 790 миллион теңге кіріске шығарып, керемет нәтиже көрсетті. Олар коммерциялық кеңістікті пайдалануды оңтайландырып, заманауи басқару жүйелерін, соның ішінде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру мен автоматтандырылған бақылау-өткізу пункттерін енгізді.
Сондай-ақ транзиттік жолаушылар үшін әуежайдың тартымдылығын арттыратын өзара іс-қимылдың неғұрлым ашық және тиімді жүйесін құру үшін жалға берушілер арасындағы қарым-қатынастарды қайта анықтады.
Осы арқылы Астанада жолаушылар ағыны 2023 жылы жылына 7,5 миллион жолаушыдан 2024 жылы 8,3 миллион жолаушыға дейін өсті.
«Енді инвесторлар 2024 жылы жүргізілген талдау нәтижелері мен жобаның болашағын айқындаған алғашқы табыстарға сүйене отырып, Астана әуежайын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Бағдарлама аясында тікелей инвестиция көлемі 153 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, алдағы 25 жыл ішінде үшінші тараптардан 393 миллиард теңгеге дейін жанама инвестициялар тарту көзделіп отыр. Бұл қаражат инфрақұрылымды ауқымды түрде кеңейтуге бағытталады», — дейді Айбар Олжаев.