Биыл TikTok платформасы серіктестері саны жағынан рекорд орнатты. Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Visit Shymkent, Алматы туризм бюросы және «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығымен бірге #Наурыз2025 онлайн-фестивалін мәреге жеткізді.

Аталған платформада отандастарымыз екі аптаның ішінде Наурыз мерекесіне қалай дайындалғаны, қалай атап өткені туралы 25 мыңнан астам бейнебаян жариялап, онлайн-фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 24 жоғары оқу орны қатысқан.
Осылайша платформаның Қазақстандағы мыңдаған қолданушылары көктемнің ең жарқын мерекесін жұмыла атап өтті. Ресми серіктестерден бөлек, жобаны TikTok-тағы танымал креатрлар да қолдаған.
Фестивальдің басты тақырыптарының бірі – мерекелік дастархан болса, платформа қолданушылары наурыз-көже, қуырдақ және түрлі тәттілердің дайындалу әдістерімен бөлісті.
«Бүгінде біз шетелдік туристердің қазақ мәдениетіне, асханасына, салт-дәстүрі мен өмір салтына деген ұдайы қызығушылығын байқап отырмыз. Саяхатшылар көбіне-көп терең де мағыналы дүниелер іздейді – олар нағыз ұлттық мұраны танып-білгісі келеді. Осы тұрғыда жастарға және жалпы қоғамға қазақтың бай дәстүрін заманауи цифрлық платформалар арқылы көрсетуге мүмкіндік беретін бастамалардың рөлі ерекше. Бұл процеске жастардың белсенді түрде араласуы – аса маңызды», – деді Kazakh Tourism басшысы Қайрат Садвақасов.
Сонымен #Наурыз2025 мерекелік онлайн-фестивалінің қорытындысына орай өткен баспасөз мәслихатында TikTok-тың Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша операциялық бөлімінің басшысы Мелис Чаглар: «Соңғы үш жылда Наурыз мерекесіне орай онлайн-фестиваль өткізуге үлес қосқанымызды мақтан етеміз. Осы уақыт аралығында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қолданушылар ұлттық мерекеге орай 180 мыңға жуық бейнеролик түсіріп, өздерін осынау ірі мәдени шараның бір бөлшегі сезініп, өз халқының мәдение мұрасын бір-біріне ғана емес, бүкіл әлемдегі TikTok қолданушыларына паш ете алды», – деді.