Қазақстанда тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы заң жобалары әзірленуде.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНДРА) консультативтік құжатты көпшілік талқылауына шығарды. Онда заңнамадағы ықтимал өзгерістер бойынша ұсыныстар баяндалған. Жария талқылау 12 мамырға дейін жалғасады.
Тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру идеясын сипаттайтын құжатта өзгерістердің алдын ала контурлары беріледі. Ұсыныстарда былай делінген:
- халықты апаттар қатерінен сақтандырумен барынша қамту халықтан сақтандыру жарналарын жинау жөніндегі қызметтерді көрсетуге жеке сақтандыру ұйымдарын тарту, халықты жарналарды төлеу қажеттілігі туралы хабардар ету және қауіпті аймақтарда орналасқан тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру шарттарын түсіндіру есебінен қамтамасыз етілуі тиіс;
- аймақтың дүлей зілзалаларға ұшырау деңгейіне байланысты сақтандыру сыйлықақысының сомасын саралау сақтандырудың қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
- алдын ала бағалау бойынша сақтандыру құны ең төменгі және ең жоғарғы шектерді (1 000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін) белгілей отырып, мүліктік салық сомасына жақындатылған;
- Бірінші кезеңде апаттардан зардап шеккен азаматтардың шығыстарын төленген сақтандыру сыйлықақысынан 500 есе мөлшерде ғана жабуды қамтамасыз ететін болады (1 000 теңге төлегенде төлем 500 000 теңге болады, 20 000 теңге жарна кезінде төлем 10 млн теңгені құрайды). Қаражаттың жинақталуына қарай жөндеуге және жаңа тұрғын үй сатып алуға арналған шығыстар өтелетін болады.
Құжатта «Тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы» заң жобасын іске асыру үшін 2026 жылы заңға тәуелді құқықтық актілер әзірленіп, қабылдануы мүмкін делінген.
Ағымдағы жағдайды сипаттау құжатында елдегі тұрғын үйлерді табиғи апаттардан сақтандырумен қамту небәрі 3,2% -ды құрайтыны, бұл ретте өңірлерден ең көбі Алматы қаласында — 7,7% -ды құрайтыны хабарланады.
Сарапшылар не дейді
Осыған дейін сенатор Бибігүл Жексенбай төтенше жағдай салдарынан келген шығынды өтеудің жаңа жолдарын қарастыруды ұсынды. Яғни жылжымайтын мүлікті сақтандыру ісін жүйелендіру керектігін айтты. Елімізде бұл мәселе соңғы жылдары кезең-кезеңімен талқыланып келе жатқанына екпін түсірді.
Оның айтуынша, ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды толық дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек өтеледі. Мұндай жағдайда зардап шеккендердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі және олардың қаржылық мәселелерді шешу ауыртпалығы дерлік жергілікті атқарушы органдар мен ҚР Үкіметі көтеріп отыр.
«Шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылады. Қайта сақтандыру тетіктерінің көмегімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі компаниялар тәуекелдерді өзара бөлісіп, зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерінің түсуін қамтамасыз етеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, апаттық тәуекелді сақтандырудың барлық сәтті үлгісі ықтимал шығындардың орасан зор көлеміне байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Мәселен былтыр жер сілкінісі болған Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы іске қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің шамамен 50 пайызы осы міндетті бағдарламамен қамтылған», — дейді Б. Жексенбай.
Сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы Виталий Веревкиннің айтуынша, мүлікті сақтандыру арқылы мүліктен толық айырылу қаупін азайтуға, залалдың орнын толтыруға мүмкіндік бар. Ол үшін:
Белгілі бір өңірде тұрғын үйді нақты қандай жағдайдан сақтандыру қажеттігін, сақтандыру жағдайы туындағанда қаражатты қайдан алуға мүмкіндік бар деген мәселелерді шешіп алу керек.
Өткен жылдардағыдай зардап шеккен 13 мың үйге төлем жасауға сақтандыру компанияларының шамасы жетпейді.
Елде табиғи және техногендік апаттың салдарын жоюға бағытталған арнайы сақтандыру қорын құру әзірге қажетсіз.
Себебі бізде әзірге сақтандыру нарығы дамыған елдердегідей біліктілік жеткіліксіз.
Жер сілкінісіне қарсы сақтандыруды төлемеген жағдайда мемлекет үйдің құжаттарын берілмейтіні осыған дейін талай рет айтылған. Ресми құжат болмаса су, жарық, газыңызды да қостыра алмайсыз. Сарапшылардың сөзінше сақтандыру құны қымбат емес.
2024 жылдың алғашқы екі айында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өскен. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4% келеді.
Сейсмикалық қауіпті аймақта тұрған Алматы қаласында жер сілкінісі үнемі болып тұрады. Жер сілкінісінен сақтандыру үрдісі қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен азаматтар жылжымайтын мүліктерін апаттың осы түрінен сақтандырған болса, апат салдарынан тұрғын үйге келтірілген зиянды өтеуге болады. Алматының үлесі небәрі – 14,85 пайыз ғана. Алайда су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандыру деңгейі өте төмен – 1%-дан да аз.
2024 жылдың көктемінде ауқымды су тасқыны Қазақстанның 10 облысын қамтыды. Нәтижесінде 224 мыңнан астам адам тұратын 17 603 елді мекен мен 120 тұрғын үй зардап шекті. Тексерістен кейін 9156 үй жөнделді. 8447 үй қалпына келтіру үшін жарамсыз деп танылды, сондықтан қайталама нарықта 5767 үй мен пәтер сатып алынды, сондай-ақ 2680 жаңа үйдің құрылысы басталды.