
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ипотека рәсімдеуді жоспарлап жүрген қазақстандықтарға кеңес берді, ахуалға шынайы қарап, адал сөйлеуіміз керектігін айтты.
Оның айтуынша, қазір ақша-несие мөлшерлемесін мәжбүрлі түрде ұстап тұр. Базалық мөлшерлеме 16,5 пайыз болған кезде ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 20 пайыз және одан да жоғары асып кетеді. Мұндай мөлшерлемемен нарықтық ипотека рәсімдеудің тәуекелі жоғары.
Оның пайымдауынша, базалық мөлшерлеме түскенше мемлекеттік даму институттарының ипотека бағдарламаларына арқа сүйеу керек. «Нарықтағы ипотеканың мөлшерлемесі 20 пайыздан басталғанымен қоса 15-20 жылға берілетінін ескерсек, артық төлейтін сома да орасан болады. Менің пайымдауымша, бұл жеке қаржылық жағдайыңызды да тұрақсыздандыруы мүмкін. Кейбір банктер нарықта ипотека берумен белсенді айналысып кетсе, өздерінің де қаржылық тұрақтылығына әсерін тигізуі мүмкін. Біздің бәсекелестікті қолдайтынымыз сөзсіз. Бірақ ахуалға шынайы қарап, адал сөйлеуіміз керек. Қазіргі базалық мөлшерлеме тұрғанда нарықтық ипотека көтере алмайтын шоқпарды белге байлау деуге болады. «Наурыз», «Отбасы банк» сияқты мемлекеттік ипотекаларды пайдаланған дұрыс», — деді Тимур Сүлейменов.