Бүгін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов алтын-валюта резервінің ақшасын ішкі нарыққа бағыттау туралы шешімнің мәнін түсіндірді.

Осыған дейін алтынмен байланысты операциялар бойынша монетарлық бейтараптыққа көшу туралы шешім қабылдадық. Біз осыған дейінгі ақпараттық сараптамаларда бұл жайттың мәнін түсіндіріп жазғанбыз.
«Бағалы металдар туралы заң қабылданған 2011 жылдан бастап Ұлттық банк бүкіл ел аумағында жалғыз алтын сатып алушы болып есептеледі. «Барлық алтын өндіруші кәсіпорындар Ұлттық банкке сатуға міндеттелген. Ұлттық Банк жылына барлық алтын өндірушілерден өндіріс көлеміне байланысты 60-70 тонна алтын сатып алады. Оны теңгемен сатып аламыз. Содан кейін сыртқы нарыққа сатып, соның есебінен алтын-валюта резервтерін толықтырамыз. Бұл 2014-2015 жылдары бізде қатты күйзеліске ұшыраған алтын-валюта резервтерін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бизнес те аяғына тұруға мүмкіндік алды. Өйткені өндірген алтынын сатып алатынына кепілдік бар», — деді Тимур Сүлейменов Bizdiñ Orta подкастында.
Резервті 45 миллиард доллардан асырдық. Бұл сома бүкіл халықаралық көрсеткіштерден артық
«Бұл қиын кезеңде резервте қор болуы үшін керек. Осы межеге жеткеннен кейін біз монетарлық бейтараптыққа көшеміз деп бекіндік. Алтынды сыртқы нарыққа сатудан келетін валютаны ішкі нарыққа ұсынамыз. Бұл ішкі нарыққа жыл сайын қосымша 5,5-6 млрд доллар шығарып отыруға мүмкіндік береді. Біздің төлем балансы үнемі теріс болып келе жатыр. Осындай жүйеде шетелдік валютаға сұраныс ұсыныстан асып кетсе, жаңа тәсіл тұрақтандырушы әсер береді», — деді Тимур Сүлейменов.