
«Банктер және банк қызметі туралы» және оған ілеспе заң жобасын Мәжілісте қаралық жатыр. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жағдайы сыр беріп қалған банктердің шығынын Үкімет және өзге дені сау банктер көтеретінін осыған дейін жазғанбыз.
Сарапшылардың байламынша, бұл шығынның жүктемесінің кімге әсер ететіні жаңа заң жобасында нақтыланбағанын, банктер мұны қандай пайда есебінен өндіріп алуы тиіс екенін айтып жатыр. Қаржыгер Б. Зиябековтың айтуынша, заңның кез-келген тараптың илеуіне көніп кете беретін солқылдақ тұсы да осы.
Нақтыласақ банкке банкроттық төнсе, мемлекет оны құтқару үшін бюджет қаражаты есебінен сол акцияларды сатып алады. Осылайша, банктің қожайынының не акционерлерінің банктегі үлесі кемітіліп, уақытша мемлекет меншігіне өтеді, Ал жұмысы қалыпқа түскен соң мемлекет оны жаңа инвесторға сатады. Ал банкротттық төніп тұрған банктің акциясы аса қымбат болмайтыны да белгілі. Сайып келгенде бұл шығын мемлекеттің қалтасына, сол арқылы банктің несиесіне әсер етеді. Сарапшының айтуынша, мемлекеттің, заң жобасындағы басын ашып алатын тұс та осы.
Жаңа заң жобасында күрделілеу схема ұсынылған.
Ол бойынша:
- реттеу режимін қолдану нәтижесінде жүйе үшін маңызы бар банктің депозиторлары мен өзге кредиторларының іс жүзінде шеккен шығындары;
- реттеу режимін қолданбай, банкті мәжбүрлі таратқан жағдайда банк кредиторлары мен депозиторлары шегуі мүмкін шығындар арасындағы айырманы өзге банктер өтеуге мәжбүрленеді.
Бұл айырманың қанша соманы құрайтынын мемлекет, яғни, шенеуніктер белгілейді.
Сарапшының айтуынша, ЕДБ мен үкіметтің көмегі қандай банктерге берілетіні туралы да нақтылап алатын тұстар көп. Бізде банк секторының бастауышы мен баяндауышы міндетін атқаратын банктер санаулы. Қалғандарының нарықтағы орындары әлі нақтылана қойған жоқ.
Өз кезегінде, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «ҚР банктер және банк қызметі туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары аясында төлем қабілетсіз банктерді реттеу үшін жаңа тетікті енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. «Банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін банктерді қалпына келтіру жоспарларын және реттеу жоспарларын әзірлеуді көздейтін жаңа талаптар енгізіледі. Қалпына келтіру жоспарлары банкті дағдарысты жағдайдан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды қамтиды. Мұндай жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің міндеті болады», – деп мәлімдеді агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова