
Бүгін Мәжіліс отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беріп, мемлекеттік қарыз көлемі 31,9 трлн теңгеге жеткенін айтты. Халықаралық бақылаушылардың бұл қарызды орташа деп бағалағаны министрлікке арқа басын кеңге салуына мүмкіндік беріп отырған сияқты.
Ал Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева бұл тұжырыммен келіспей, алаңдауға себеп барын айтып отыр.
Оның айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстанның мемлекеттік қарызы екі жарым есе артқан. Ал қарыздың сапасы мен тәуекелдері туралы ешкім нақты талдау жасамайды. Жаңа Бюджет кодексіндегі барлық қарыз көздері ашық көрсетілуі керек керек деген норма, депутаттың айтуынша қағаз жүзінде қалып отыр.
Ал сарапшылар 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге арналған шығын 982 млрд теңгеге жеткенін айтады.
2023 жылы сыртқы қарызға шектеулер белгілейтін 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен 2024 жылға арналған квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызының шекті көлемі бекітілді.
- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ – 5 741 720 млн теңге немесе 12 482 млн доллар,
- «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі – 2 319 780 млн теңге немесе 5 043 млн доллардан аспауы керектігі айтылған.
ҚАРЖЫ талдаушысы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, біз сырт елдерден 2–2,5 пайызбен қарыз аламыз.
- Халықаралық тәжірибеде мемлекеттік қарызды өтеуге бюджет шығыстарының 15%-дан аспайтын бөлігін жұмсау әдетке айналған.
- Ал біздің елде бұл көрсеткіш 7 пайыздан аспайды.
- Демек дәл қазіргі жағдайда қарызды өтеу құнының деңгейі барлық өлшем бойынша төмен деңгейде.
Осыған дейін
Сыртқы қарыз статистикасында айқындылық жоқ. Ұлттық банк 2023 жылдан бастап жылдан бастап квазимемлекеттік сектордың қарызын Үкіметтен бөліп қарап жүр.
Сыртқы қарыздың беталысын шектеу туралы ұсыныстар, оның ішінде сыртқы қарызды негізсіз тартқаны үшін бірінші басшы жауапқа тартылу мүмкіндігі көп айтылды. Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, экономикалық саясат мемлекеттік қарыз, кедейшілік, экономикалық теңсіздік, оны әртараптандыру проблемалары сияқты дамудың іргелі проблемаларын шеше алмады. Экономика әртараптандырылмаса, тәуелділік деңгейі төмендемейді, әлеуметтік реформаны сыртқы қарыз арқылы шешу жалғаса береді. «Мемлекеттік қарыздың деңгейін бақыламасақ, экономикалық егемендігімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан Үкіметтің қарыз алу үдерісі қоғам мен Парламенттің тұрақты бақылауында болуы керек», дейді Е.Саиров.