
Осыған дейін МузАрт тобының мүшесі Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойын көргісі келетіндерге үндеу жасап, ұлы мен келінінің онлайн тойына онлайн қонақ болу үшін жабық телеграм арнасында тіркеу басталғанын, қосылу ақысы — 1380 теңге екенін айтқан болатын.
Осыған дейін не болды
Тойдың тікелей трансляциясын өткізу идеясын ұсынған ұйымдастырушы «TANBA MEDIA» компаниясының жетекшісі Айгүл Ақсембиева orda.kz тілшісіне бұл тойға бір емес бірнеше той ұйымдастыру компаниялары атсалысып жатқанын айтыпты. Оның айтуынша, тойдан тікелей стрим жасау идеясы тойға келе алмаған алыс-жақын шетелдегі әрі шалғайдағы туыстарға арналған екен. Алайда, талқылау барысында Майғазиевтің тыңдармандары да тойды көрсін деген ниетпен стримді кәсіби деңгейде көпшілікке арнап жасауды ұсынған.
«Тойға келуге ниетті алайда жағдайға байланысты келе алмай жатқан туыстар мен достарға арналған стрим жасаймыз деген едік. Талқылай келе, бізге оны толыққанды трансляция жасау идеясы келді. Бұл трансляция тек қана той емес, сонымен қатар тікелей эфирде кәсіби жүргізушілер жас жұбайлар мен тойға келген қауымнан сұхбат алады. Сонымен қатар тікелей стримді сапалы жасау үшін жылжымалы телестанция жалданады», – деді ұйымдастырушы.
Ал тележүргізуші Анна Данченко әншінің тойын онлайн көру неге ақылы болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл қадам ақшалай пайда табу үшін емес, техникалық шығындарды өтеуге жұмсалмақ. «Тойды тікелей эфирде көрсету арнайы келісіммен жүзеге асады және ол қызмет ақылы. Жиналған қаржы Сәкеннің жеке кірісі емес, трансляцияға жұмылдырылған түсіру тобы мен сервер шығындарын өтеуге бағытталады» дейді Данченко.
Ал Сәкеннің өзі журналистермен кездескен кезде тойға жәй қатысайық, дастарқанға отырмаймыз» деген адамдардың көп болғанын, «бара алмаймыз, алыс сапарда едік» дегендер де болғанын, жайттың барлығын ескергенін айтып, мән-жайды түсіндірген.
«Майғазиевтер отбасында үлкен қуаныш! Әділет пен Әдияның үйлену тойының онлайн трансляциясы! Біз жабық Telegram арнасын аштық, онда үйлену тойымыздың тікелей трансляциясы, сонымен қатар сахна сыртындағы сәттер, эксклюзиф ото мен видеолар жарияланады. Осы ерекше күнді бізбен бірге атап өткілеріңіз келгеніне қуаныштымыз» деген болатын.
Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті әнші Сәкен Майғазиевтің ақылы форматта өткізілген үйлену тойына қатысты пікір білдірді. Бұл той, олардың пікірінші ел тарихында алғаш рет онлайн той ретінде тіркеліп отыр. «Оған қатысу үшін ақы алу – кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер ұйымдастырушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелген болса, ол бұл табысты заңда көрсетілген тәртіппен декларациялап, табыс салығын төлеуі қажет, – делінген комитеттің ресми жауабында.
Заңға сәйкес:
Егер той ұйымдастырушысы шағын бизнес субъектісі ретінде арнайы салық режимін қолданса — 3% салық төлейді;
Жеке кәсіпкер ретінде жалпы тәртіппен жұмыс істесе — 10% мөлшерінде табыс салығын төлейді;
Ал заңды тұлға болса — табысының 20%-ын салық ретінде өтеуі тиіс.
.