
ҰБ Төрағасы бүгін журналистермен кездескен кезде қрқраңасыҰлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдауына себеп болған факторлар жайлы айтып берді.
- Экономикадағы инфляциялық қысым, ең алдымен, қызметтер мен азық-түлік саласында күшейіп келеді.
- Инфляциялық күтулер де жоғарылады.
- Сұраныс ұсыныстан артып отыр. Тұтынушылық несиелеудің әлі де жоғары болуы инфляцияны қосымша күшейтуде.
«Сыртқы экономикалық конъюнктура құбылмалы. Әлемдік азық-түлік бағасы өсіп, мұнай бағасы төмендеді. Ал, Ресейде жоғары инфляция сақталып отыр. Осындай жағдайда тәуекелдер балансы проинфляциялық жақта қалды.
Инфляциялық күтулерді төмендетіп, инфляцияны тұрақты түрде бәсеңдету үшін ақша-кредит саясатының қазіргі қатаң деңгейін ұзағырақ сақтау қажет болып отыр» дейді Сүлейменов.
Енді шешім қабылдауға түрткі болған факторлар жайында толығырақ
- Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ке жетті. Инфляцияның қарқыны өткен жылдың соңынан бері байқалып келеді.
- Бағаға қысым көрсетуші негізгі фактор — қызмет көрсету саласы. Жылдық мәнде сервистік компонент 16%-ке өсті.
- Сонымен қатар, егер I тоқсанда сервистік инфляцияның негізгі өсіміне реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтері үлес қосқан болса, II тоқсаннан бастап алдыңғы қатарға нарықтық қызметтер шыға бастады.
- Реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің жылдық өсімі 25,8%-ті құрады. Реттелмейтін нарықтық қызметтер де 14,7%-ке қымбаттады.
Жақсы жаңалықтан:
- базалық инфляция мамыр айында 0,8%-ті құрады
- . Ал маусымдық факторды ескермегендегі инфляция 0,9% болды.
- Осы факторлардың көрсеткіші бірнеше ай тұрақты болып, кейін аздап төмендегенін көрсетті.
Алдағы жылы күтілетін инфляция 14,1%-ті құрады.
- Бұл бағалауларда жанар-жағармай бағасының өсуі мен ҚҚС-тың жоспарланған арттыруы көрініс тапқан.
- Нарықтың кәсіби қатысушылары біршама ұстамды болғанымен, 2025 жылға арналған инфляцияның медиандық болжамы 10,7%-ті құрайды.
Инвестициялық белсенділік те жоғары болып, қаңтар-сәуір айларында 13,7%-ке өсті. Оған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік инвестициялар, әсіресе, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер едәуір үлес қосты.
Біз экономикалық белсенділіктің өнімділіктің артуымен нығайғанын құптаймыз. Алайда өндірістік мүмкіндіктер сұраныс өсіміне ілесе алмай отыр.
ҰБ төрағасы айтып өткендей, сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыз қалыптасып отыр
- Оған себеп – Ресейдегі жоғары инфляция және әлемдік азық-түлік нарықтарындағы бағаның өсуі.
- ФАО деректері бойынша сәуір айында азық-түлік бағасының индексі 128,3 тармаққа дейін көтеріліп, жыл басынан өcу үрдісін жалғастыруда.
Дамыған елдерде инфляциялық қысым төмендеп келеді. Еуроодақта инфляция 2,4%-ке дейін, АҚШ-та – 2,3%-ке дейін баяулады
Саудада қалыптасқан шиеленіске қарамастан, Еуропа Орталық банкі дезинфляциялық факторлар басым болғанымен, инфляциялық таргетке қол жеткізу мүмкіндігіне сенімді екенін білдірді. Сонымен қатар, АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) сақтық танытып, күту ұстанымын сақтап қалды. Инфляциялық тәуекелдердің сақталуы мен АҚШ-тың экономикалық тұрғыда даму жолын және сауда саясаты бағытына қатысты белгісіздікті ескере отырып, мөлшерлеме өзгеріссіз қалдырылды.
- Ресейдегі инфляция 10,2%-ке дейін баяулағанмен, нысаналы деңгейден едәуір асып түсті. Ресей Банкі қатаң саясатты жалғастырып, негізгі мөлшерлемені 21% деңгейінде ұстап тұр. 2026 жылдың соңына таман мақсатты бағдарға жету үшін биыл негізгі мөлшерлемені 19,5–21,5% аралығында сақтауды көздейді.
Бұл жағдайда теңгеге қатысты рубльдің нығаюы Қазақстан үшін маңызды факторға айналып келеді.
- Бір жағынан, бұл отандық өндірушілер, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі үшін бағалық артықшылық туғызады, екінші жағынан – Ресейден келетін импорттың едәуір көлеміне байланысты инфляциялық үдерістерге әсер етеді.
Мұнай нарығындағы жағдай да тұрақсыз.
- Қытай тарапынан сұраныс төмендегесін, ОПЕК+ елдерінен түсетін ұсыныстың ұлғаюын күтуден және жаһандық сауда шиеленісінің күшеюінен бағаға қысым бар.
- Қазіргі жағдайды ескерсек, болжамның базалық сценарийінде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы алдыңғы раундтағы 1 баррель үшін 73 долларға қарсы 65 доллар деңгейінде белгіленді.
Енді болжамдар туралы.
- Жаңартылған бағалау деректеріне сәйкес, 2025 жылы инфляция – 10,5-12,5%, 2026 жылы – 9,5-11,5% аралығында қалыптасуы мүмкін деп күтілуде.
- Бұл болжамдар азық-түлік бағасының өсуіне, және сұранысқа қарай жоғары проинфляциялық қысымның қалыптасуына байланысты қайта қаралды.
«2027 жылға арналған болжам 5,5–7,5% деңгейінде сақталды. Бұл жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының дезинфляциялық әсері күшейген сайын және Үкімет тарапынан қаржылық саясаттың қатаюына қарай инфляцияның мақсатты дәңгейге біртіндеп оралуы күтуді білдіреді» дейді Сүлейменов.
2025 жылға арналған экономиканың өсу болжамы 6%-ке дейін – өсу жағына қайта қаралды.
- 2026 жылдың болжамы керісінше 4-5%-ке дейін біршама төмендеу жағына қарай нақтыланды. Бұл шикізат және мұнай нарығындағы баға конъюнктурасының әлсіреуімен бірге жаңартылған сыртқы және ішкі жағдайлардың әсеріне байланысты.
- Болжам бойынша, 2027 жылға қарай фискалдық ынталандыруды қатаңдату және бюджеттік шоғырландыруға көшу кезінде экономика орташа тарихи деңгейге сәйкес қалыптасады.
ҰБ төрағасы Ақша-кредит саясатының тікелей құралдарынан бөлек, Ұлттық Банк дезинфляциялық әсерді күшейтуге бағытталған қосымша шараларды іске асыруды бастап кетті.
Біріншіден, бұл – тұтынушылық несиелеуді тежеуге бағытталған макропруденциялық шаралар. Бұрын айтқанымыздай, олар жеке тұлғалардың кредиті бойынша контрциклді капитал буферін енгізуді көздейді.
Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп микропруденциялық реттеу шаралары пысықталып жатыр. Мысалы, ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) төмендетілді.
Екіншіден, минималды резервтік талаптар (МРТ) механизмі қатаңдатылады. .
Үшіншіден, Ұлттық Банк алтынмен жасалатын операцияларды айналау механизмін қолдану әдісін жалғастырады.
Мәселен, 2025 жылдың алғашқы бес айында Ұлттық Банк осы механизм аясында ішкі нарықтан шамамен 1,2 трлн теңгені шығарды. Халықаралық нарықтарда алтын бағасы өскенін ескере отырып, біз бұл айналау операциясы осы жылдың ішінде қосымша 3,3 – 3,6 трлн теңгені стерилизациялауға көмектеседі деп болжаймыз.
Төртіншіден, Үкіметпен бірқатар бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жүріп жатыр.
«Біз тарифтік саясат параметрлерін қайта қарау мүмкіндігі бойынша Үкіметпен белсенді консультациялар жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте, тарифтердің өсу қарқыны инфляциялық мақсаттармен үйлесіп, халықтың сатып алу қабілетін сақтауды қамтамасыз етуге тиіс деген ұстанымға басымдық беріліп отыр. Сонымен бірге біз инфрақұрылымды жаңғырту мен тарифтік реформаның қажеттілігін мойындаймыз – бұл қызметтердің сапалы әрі үздіксіз көрсетілуі үшін маңызды. Алайда мұндай шешімдер тиімділікке қатысты ашық бағалауға негізделіп, ақша-кредит және макроэкономикалық саясаттың мақсаттары мен олардың тұрақтылығымен өзара үйлесімді түрде қабылдануы керек» дейді Сүлейменов .