Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан халықаралық бизнеске жақындай түсу жолында тағы бір маңызды қадам жасады.

Жаңа талаптарға сәйкес Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 мың доллар көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны ресімдеу үшін электронды өтініш бере алады.
«Алтын виза» Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алу мүмкіндігін көздейді», – деп хабарлады СІМ.
Министрлік мәліметінше, мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кеңінен қолданылып, капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың нәтижелі құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан осы тәжірибеге қосылып, инвестициялық резиденттіктің өзіндік моделін ұсынады.
«Алтын визалар» шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалына сенімді нығайтуға бағытталған. Жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді деп есептейді СІМ.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі де «алтын виза» сатуды қолға алған. Трамп суреті басылған виза 5 млн доллар тұрады.