Қазаққа «Менің атым Қожадағы» сотқар Қожа рөлімен танымал Нұрлан Санжардың өкпенің қатерлі ісігі тәрізді қатерлі дертке шалдықты деген ақпараттың тарай бастағалы екі-үш күн болды. Бүгін жазушының жары – Мәдина Санжарға хабарласып, төмендегі жайттарды анықтадық.

Мәдина Санжардың айтуынша, Нұрланнан қауіпті дерт өткен жылдың соңында, дерттің соңғы кезеңінде анықталған. Оның алдында өкпе дертіне байланысты ем алып жүрген. Дерт белгісі анықталған соң бірнеше рет Алматы клиникаларында қосымша ем алды. Бірақ оншақты күннен бері жағдайы күрт нашарлап, бірнеше рет ауруханаға жатып шықты.
«Кеше ауруханадан шықты. Бірақ бір күн жан сақтау бөліміне жатып қалды. Қазір жағдайы өте ауыр. Кислород аппаратынсыз қарға адым жерге жүруі қиындап кетті. Қазір Нұрланға Астанадағы транспанталогия орталығының көмегі қажет. Өкпенің дұрыс демалуына мүмкіндік беретін, қажет болса, қосымша ота жасайтын мүмкіндік сол жерде ғана бар. Қысқасы Нұрлан қазақтың атақты транспанталогы Жақсылық Досқалиевтің қабылдауына барғысы келеді. Бірақ Астанаға өз аяғымен бара алмайды. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігі немесе Алматы әкімдігі арнайы ұшақ бөліп жеткізсе өмірін ұзартуға себеп болар ма еді», — дейді жазушының жары Мәдина Санжар.